Шығыс Қазақстан облысы
АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ
ресми сайты
Құрметті интернет пайдаланушылар! 
Сіздерді тарихи бай, шежіреге толы, киелі де қасиетті өлкемен таныстыруға шақырамыз!
Ауданның паспорты
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы
Жол көрсеткіш
Фотогалерея
Тарихи жерлер
Қонақ кітабы
Аудан
әкімі
Аудан әкімі
аппараты
Мәслихат Ауданның мемлекеттік
мекемелері
Виртуальды қабылдау бөлмесі

Жол көрсеткіш

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы - Семей қаласынан оңтүстік батысқа қарай Шыңғыстаудың бөктерінде орналасқан.
Аудан 1928 жылы құрылған. Жер көлемі 20,9 мың шаршы метр. Халық саны 16978 адам. Ауданның экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы.
Ауданның батысы мен солтүстігі ұсақ шоқылы жазық. Оңтүстігінде Шыңғыстау жоталары жатыр. Климаты қатал. Қысы суық, жазы ыстық, құрғақ. Қар қарашадан наурызға дейін жатады. Қаңтар айының орташа температурасы –14,2 С; шілдеде – 20,7 С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 250-300 мм. Шаған, Ащы су, Қарауыл, Құндызды, Шет, Мұқыр сияқты өзендер бар.

Шыңғыстау аспанмен таласқан заңғар шыңдары бар асқар тау болмаса да, тарихи бай, шежіреге толы, киелі де қасиетті мекен. Бүгінде бұл аймақ ұлылар мекені деп аталады. Шыңғыс бөктері - қазақтың ойшыл ақыны ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың отаны. Осынау есімдері әлемге әйгілі халқымыздың біртуар перзенттерін дүниеге әкелген алтын бесік. Есімі ел тарихына алтын әріптермен жазылған батырлар мен сұңғыла ғалымдардың алтын ұясы.

Абай ауданына ат басын бұрған қандай мейман болмасын ең алдымен М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын қайыра оқығандай әр бетін қайта парақтағандай болары хақ. «Шағылдың» ұстімен Семей қаласынан шығып, ежелгі «Бал-Татарақ» бекетіне қарай беттейтін тақтайдай тегіс жолға түсісімен жолаушының назарын ұшықиырына көз жеткізгісіз ең дала, сағымға мінген сансыз белдер, тобықты тымағындай болып әр жерде шоқия қалған төбе, төмпешіктер желмен жарысып жетектей ала жөнеледі.

Семейден Абай еліне жол тартқан жолаушы мөлшері 60 шақырымнан кейін сайын дала төсінде қара тасты қақ жарып аққан Күшікбай бұлағына аялдап, шөлін басады. Күшікбай – ел намысын, жер намысын биік ұстаған жаужүрек батыр. Төбе басында оның зираты мәңгілік ерлік пен өрліктің белгісіндей болып оқшау тұр.
Осы маңда сыншылар ұлы Мұхтарды европалық биікке көтерді деп бағалаған «Қорғансыздың күні» әңгімесінің басты кейіпкері Ғазиза да жерленген.
Күшікбай асуынан біраз жүргеннен кейін алдыңыздан тағы да қоныраулы сұр шеңгелге, қараған тікенекке толы мидай жазық жортақтап жөнеледі.  Бұл – бір кезде Құнанбай ауылының ең шеткі күзеуі болған, бұл күнде «Қанайдың қарағаны»  аталатын атақты атырап. Бұдан әр Абай ауданының шекарасы басталады.  Абай ауданына, ұлылар мекеніне аяқ басасыз. Бетегелі белдер, жусанды қыраттар, қарағанды адырлар басталады. Алдыңнан әлем әдебиетінің биігі ұлы Мұхтардың ата-қонысы Бөрілі қыстауы көрінеді. Мұнда Мұхтардың әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал да жерленген.
Қыстаудан 10 шақырымдай жерде Абайдың баласы – Ақылбай мен жары Әйгерімнің және Ділдәнің зираттары бар.
 Бөрлідегі ұлы Мұхтардың дүниеге келген, ата-анасы тұрған үй – бүгінде мұражай. Ұлы жазушының туғанына 100 жыл толуы қарсаңында мұражай толықтай қайта жабдықталып, экспонаттармен толықтырылды.

Бүгінде әлемнің шартарапынан келген қонақтарды ұлылықтың ұлағатымен таныстыратын қасиетті орын.
Бөрліден ат шаптырым жерде Семей-Қарауыл трассасының оң жағында аң шаңқан үйлері бой түзеген, сәнді көшелері бар, кіре берісі жасыл желекті саябағы менмұндалап тұрған ауыл көрінеді. Бұл – ұлылардың кіндік қаны тамған Қасқабұлақ ауылы.

Берекесі – Шыңғыс төсінің,
Қасқабұлақ – алтын бесігім.
Әйгілеген әлемге,
Абай, Мұхтар есімін!

  
2004 жылдың жазында аудан әкімі Б.Үйсімбаевтың бастамасымен Курчатов қаласының Әкімі А.Мұхтархановтың, «Дегелең тас» ЖШС-нің директоры Ковалевтың демеушілігімен ұлы Абайдың дүниеге келген жері, киелі бұлақ, мөлдір бастау, тұнық су – Сырт Қасқабұлаққа мрамор тастан ескерткіш қойылды.
Мына, алдымызда Қарауылға қарай көсіліп жатқан кең жазық «Ералы жазығы» деп аталады. Жазықтың нақ ортасында Кеңгірбай бидің баласы, әулие бабамыз Ералының кесенесі тұр.

Кесенені 1998 жылы Қасқабұлақ ауылының халқы, белгілі шаруашылық басшысы Амантай Мұқатаевтың бастауымен қайта тұрғызды. Аудан жұртшылығы әулиеге ас берді.

Сиынған аймақ, алабы,
Киелі бабам, Ералы.
Жебеп-желеп ұрпағын,
Ғасырларға барады – дейді, сеніммен бүгінгі ұрпақ.

Осы тұстан Ақшоқыға қарай созылған жазықтың көз ұшында қазақтың тұңғыш театрының шымылдығы ашылған тарихи орын «Ойқұдық» тұр. 1917 жылы жапсарлас тігілген екі киіз үйде М.Әуезовтың басшылығымен өзінің туындысы «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған.  1926 жылы тұңғыш ұлттық театрымыздың шымылдығы да осы шығармамен ашылған.
Сайын дала төсіндегі дөңестегі осынау мрамордан қаланған еңселі ескерткіш – шынайы махаббаттың мазары. Ол қатыгез билер үкімімен өлтірілген Еңлік пен Кебекке қойылған. Серті мен сеніміне, махаббаты мен сезіміне берік қос ғашық осы жерде мәңгілік тыныштық тапқан.

Еңлік-Кебек тағдыры Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастаны мен Мұхтардың «Еңлік-Кебек» драмасына арқау болған.

Үлкен өмірге алғаш қадам басқан жас жұбайлар қыр төсіндегі мәңгілік махаббаттың мазарына тағзым етпей өтпейді:

Кебек пенен Еңлік,
Махаббаттағы ұлылық.
Алауы боп сенімнің,
Маздай берер, мәңгілік.

 Ескерткіштен бұрылған мына жолды бойлай, зерделеп көз салсаңыз «Абай» эпопеясында Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып, тарады – деп ұлы Мұхтар суреттеген Ақшоқыны көресіз. Қазір онда Ақшоқы деп аталатын шағын ауыл бар. Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай қажы мен оның ұрпақтары осында жерленген.

 

Көз салайық, Ақшоқыға тағы да,
Тұнған тарих, әр төбесі, тасы да.
Осы араға тұрақтаған мәңгілік,
Ұрпағымен Құнекеңдей қажы да!

Ел ауызындағы деректерге сүйенсек, Шәкәрім поэмасында:

«Шеткі Ақшоқы басында қалған бала,
Шырқырап күн батқанда жылап жатты» деп жырланған, Еңлік-Кебектен қалған сол Ермек атты баладан ұрпақтар бар дейді.

Шырылдаған жас нәресте Ермекті,
Нағашы жұрт тауып алды, ер жетті.
Пәк сәбиден өркен жайған ұрпақтар,
Бұл күндерде біразырақ ел бопты.

Семейден шыққан қара жолдың сол жағында алыстан мұнартып Архат тауы да көрінеді.
Архат өңірі Қопадай ғажайып көлімен, Үш келіншектей ерекше тауымен, Күйметастай дара биігімен әсем де көрікті. Тарихы бай өлке.

Кезінде осы жермен Қашқар барған,
Шоқанның күймесінің ізі қалған.
Қазақтың «Жаушы» атты фильмін де,
Түсірген Архатымда Әзербайжан. 

Аудан орталығы Қарауылға қарай созылған жолдың сол жағында қасқайып қарсы тұрған тау – Үлкен Орда, оң жағындағысы – Кіші Орда деп аталады. Үлкен Орданың бауырында қайта оралған махаббаттың куәсіндей болып Шілікті кезең көз тартып тұр.

Үлкен Орда – Мамай бабам тұрағы,
Ер атанған 6 бірдей ұрпағы.
Шілікті кезең, Әйгерімнің бұлағы –
Қайта жанған махаббаттың шырағы.

Қойнауына өткен тарихтың талай сырларын бүгіп жатқан Кіші Орда тауында Еңлік-Кебекке таршылықта пана мен сая болған Үңгіртас бар:

Пана болған ғашықтарға кешегі,
Кіші Орда ізгіліктің мекені.
Шыңғыстауға жолы түскен жолаушы,
Үңгіртасқа соғып, көріп өтеді.

Қос Орданың ортасымен әрі ассақ, алыстан кемерленіп, көне Шыңғыс көрінеді. Қарауылға қанша асықсаңыз да асфальт жолдың қамшылар жағында қалатын Жидебайға соқпай кете алмайсыз.     «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 1940 жылы әдеби-мемориалдық музей ретінде құрылды. 1990 жылы Абайдың қорық-музейі қайта құрылған және «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта аталды. Оның құрамына Семейде Абайдың әдеби музейі, Ахмет  Ризаның медресесі, Абай аумағында - Бөріліде М.Әуезовтың музейі, «Тақыр»  жерінде 1997 жылы ашылған Көкбай Жанатаевтың музейі, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтың музейі.    Абай ауданында қорықтың аймағының аумағы 6400 га, оның құрамына 16 объекті кіреді. Оның ішінде - Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираттары, «Абай-Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Кеңгірбай бидің  зираты және т.б зираттар бар.

Абай елі – ұлылар мекені, тарихи өңір.

Әр тасы, тауы, өзен-көлі шежіре мен сырға толы. Талай ақын жырлап, небір сазгерлер ән арнаған аймақ.

Абай десе – Абайсың,
Абайладың жан-жақты.
Риза еттің жарайсың,
Қалың елің қазақты – деп ақындар бабамызға тағзым етсе, бүгінгі ел тынысына да көпшілік риза. Тәуелсіздік жылдарында Шыңғыстау өңірі, ұлылар елі жаңаша тыныстады. Келбеті де, тіршілігі де, болашаққа деген сенімі де өзгерді.   Қарауыл – Абай ауданының орталығы. Қазақ елінің рухани бесігі.

Құтты мекен – Қарауыл,
Өзгерген мүлде жаңа ауыл.
Келбетімен келісті,
Орны бөлек дара ауыл.

Алты мыңға жуық халқы бар құтты мекенді бүгінде ақындар осылай жырлайды.
Бұдан 70 жылдай бұрын Абай ауданында Қазақстандағы алғашқы драмалық көркемөнерпаздар коллективінің негізі қаланды. Оның ұйымдастырушысы және тұңғыш режиссері Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды. Бертін келе осы шағын коллектив халық театры деп атала бастады. Уақыт коллективті шыңдай түсті, өнер жолындағы еңбектері жанып, ол 1967 жылы Москвада Кремль театрының сахнасында өнер көрсету құрметіне ие болды. Сол жылғы өнер сапарында театрға Бүкілодақтық көркемөнерпаздар коллективі фестивалінің лауреаты атағы берілді. Осы театрдың актерлер құрамынан 1972 жылы «Қаламқас» эстрадалық жастар ән-би ансамблі құрылған болатын. Ансамбль аудан көлемінен тысқары жерлерге де кеңінен таныла бастады. Ол Чехославакияның Стравжница қаласында өткен халықаралық фольклорлық фестивальға, Венгрияда өткен мәдениет пен өнер күндеріне қатысып, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленді.

Бірнеше дүркін бүкілодақтық және республикалық байқаулардың жеңімпазы болған «Қаламқас» 1975 жылы «халық ән-би ансамблі» атағын алды.
«Қаламқас» халық ән-би ансамблі 1976 жылы Ұлы Октябрь революциясының 60 жылдығына арналған Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің Ақтөбе қаласында өткен ІІІ турына қатынасты. Ансамблдің әйелдер тобы фестиваль лауреаты атанып, Азербайжан республикасының астанасы Баку қаласында өткен қорытынды концертке қатысуға жолдама алды.

1984 жылы «Қаламқас» халық ән-би ансамблі жастар арасындағы көркемөнерпаздық творчествоны белсенділікпен насихаттағаны үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Ансамбль республиканың Қарағанды, Талдықорған, Алматы, Целиноград, Павлодар облыстарында гастрольдерде болды. Астана жұртшылығы алдында да бес рет (1977, 1978, 1979, 1984, 1988 ж.ж.) творчестволық есепті концертін қойды.
1987 жылы ансамбль коллективі Түрікменстан Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының Орталық Комитеті ұйымдастырған «Ленинская смена» үгіт поезымен осы республиканың көптеген облыстарында болып қайтты.


Жаңалықтарға жазылу:
 

 
 
 
Сервер бойынша іздеу
Всего посетителей - 279348

070100 Қазақстан Республикасы, ШКО,
Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Құнанбай көшесі 14,
тел.:  8(72252) 91660, DMaratov@abay.vko.gov.kz

Copyright © 2007-2010
Каталог Казахстанских ресурсов TABU