Сауатты тұтынушы болыңыз!

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті (ШҚО, Өскемен қаласы, Буров көшесі, 20, тел: 8(7232)-26-37-40, факс: 8(7232)-57-79-91,  e-mail: oskemen@economy.gov.kz) Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы
№ 274-IV Заңының (ары қарай-Заң) ережелеріне түсініктеме жүргізеді.

1 сұрақ: «Жаппай сату»  кезінде алынған көйлек сатып алған едім, тауар сапасыз болып шықты.Қайтаруға немесе айырбастауға болады ма?

Жауап: Егер сатушы тұтынушыға, тауардың кемшіліктері барын және сол себептен арзандатылып сатылатынын хабарламаса, тұтынушының оны қайтаруына қарсы болуға құқылы емес. Заңға сәйкес, сатушы кемшіліктері туралы алдын ала ескерткен жағдайда, тауар қайтаруға және айырбастауға жатпайды.
Берілген жағдайда тұтынушы сапалы тауар сатып алған, сондықтан бұл жағыдай Заңның 15-бабының 1 тармағымен реттеледі, оған сәйкес  тұтынушы: сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді; тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;  тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді; соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды; сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды; шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

2 сұрақ: Көптеген сауда нүктелерінде «тауар айырбастауға және қайтаруға жатпайды» деген ескертпе жазуды пайдаланады,осындай жағдайда тауарды қайтаруға бола ма?

Жауап: Заңның 14 бабының 1 пунктіне  сәйкес, сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы, Заңның 14 бабының 2 тармағына сәйкес, сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
Заңның 15-бабына сәйкес, тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса,...шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Заңның 18 бабына сәйкес тұтынушыда тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаттың болмауы оны куәлардың айғақтарына, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаттарға және басқа да дәлелдеу құралдарына, оның ішінде фото- және (немесе) бейнетіркеуге сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
Заңның 24 бабының 5 тармағына сәйкес сатушы тиісті де, тиісті емес те сападағы тауардың ауыстырылып берілуін немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;  іш киімді;  шұлық-ұйық бұйымдарын;  жануарлар мен өсімдіктерді;  метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Заңның 30-бабының 1-1-тармағына сәйкес, сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, өнімдер жөніндегі нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Тұтынушы өз құқығын қорғау үшін:
- құқығын бұзушы сатушыға (орындаушыға) сотқа дейінгі жазбаша наразылықпен;  - тұтынушылар құқығын қорғау бірлестіктеріне;- сотқа жүгінуге құқылы. 
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнамаларымен, тұтынушылардың, не болмаса  тұтынушылар құқығын қорғау бірлестіктерінің сатушыға (орындаушыға) жазбаша наразылықпен жүгінуі- келіспеушіліктерді сотқа дейінгі қарастыру тәртібі, тұтынушылардың құқығын қорғау процесінің міндетті деңгейі ретінде қарастырылған.
Егер сатып алған тауарыңыз бұзылған, ал қызмет сапасыз болса, міндетті түрде Заңға сәйкес өз құқығыңызды пайдаланыңыз.
Сондай-ақ, Департамент тұтынушылар құқығын қорғау саласында халықтың  сауаттылығын арттыру мақсатында айына 2 рет (әр айдың екінші және төртінші бейсенбісінде), Өскемен қаласы, Буров көшесі, 20, тел. 8(7232) 61-41-21, 26-72-07  мекен-жайында, сағат 9-00-ден 18.30-ға дейін (түскі үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін)  «Ашық есік күндері» өткізетінін хабарлаймыз.
Қызығушылық танытқандарға құқылық консультация беріліп, ақпараттық материалдар таратылады.

Парақтар өзгертілді: 13-08-2018