Ұрлыққа жол жоқ

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы негізгі бағыттарының бірі мал ұрлаудың алдын алуы болып табылатын, «Ұрлыққа жол жоқ» жобасы жүзеге асуда. Осыған байланысты Аудан әкімінің міндетін атқарушы Б.Тәттібековтың 27.07.2017 жылғы шыққан № 130 санды өкіміне сәйкес барлық ауылдық округтерде ауылшаруашылығы малдарын бірдейлендіруді жедел жүргізу бойынша мемлекеттік коммуналдық мекеменің мал дәрігерлерімен және құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында мобильді жұмыс тобы құрылды. Мобильді топтың мақсаты аудан көлемінде ауылдық округ кесіміндегі ауылшаруашылығы жануарларының бірдейлендіру дерекқор базасына енгізілуін және ауылдық округ әкімшіліктеріндегі Электрондық шаруашылық кітабімен салыстыра отырып мал санын анықтау болып табылады. Мал ұрлығының алдын-алу мақсатында ауылдық округ әкімдері ауылшаруашылығы жануарларының мал иелеріне табынға, кооперативке қосу бойынша түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл шаралардың жұмысы тиімсіз деп санайтын мал иелері табынға, кооперативке қоспағандықтан олардың малы қараусыз қалып, ұрланып, жоғалады. Қараусыз жүрген малдар үшін ауыл әкімдері ақылы түрдегі уақытша мал қамайтын тұрақ ұйымдастырып, тұрақта қамауда ұстайды. Малды құзыретті органдарға хабарлап, иесін анықтап алған соң,  мал иесін шақыртады.  Ауылшаруашылығы жануарларын ұстау,асырау қағидаларын сақтамағаны үшін, ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406 бабына сәйкес, мал иесіне айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылады.

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті X-сессиясының 14 сәуір 2017 жылғы, «Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларын бекіту туралы» №10/109-шешімі бекітілді.      

 Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидалары

1. Жалпы ережелер

1. Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асыраудың осы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және облыс елді мекендерінде жануарларды асырау тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидалар меншігінде немесе басқа да иелігінде жануарлары бар жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

2. Жануарларды асырау тәртібі

3. Жануарларды асыраған кезде иелеріне:

1) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) және осы Қағидалардың талаптарын сақтау;

2) жануарларды жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендер шекаралары шегінде ветеринариялық нормативтерге сәйкес асырауды жүзеге асыру;

3) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңдарымен белгiленген, жануарлар ауруларының алдын алуды және орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің (жануарлар, жануарлардан алынатын өнiм мен шикiзат) қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелердi сақтай отырып, ветеринариялық iс-шараларды жүзеге асыруға жануарларды кедергісіз беру;

4) аумақты, мал шаруашылығы қора-жайларын, сондай-ақ жемшөптi, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты сақтауға және өңдеуге арналған ғимараттарды ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) ережелер мен ветеринариялық нормативтерге сәйкес ұстау;

5) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз ету;

6) жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына:

-жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлау және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде, ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау жөнінде шаралар қолдану;

 7) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік мақсатында жануарларға уақтылы вакцина егуді және диагностиканы қамтамасыз ету;

 8) жануарлар ауруын немесе ауру жұқтыру қаупін болдырмау, сонымен қатар керексіз төлдің пайда болуын болдырмау бойынша уақытша оқшаулау және биостерилизациялау жолдары арқылы шаралар қолдану;

9) үй-жайларды, мал жайылатын аулаларды механикалық тазарту, сондай-ақ мал иелерінің есебінен профилактикалық дезинфекциялау.

Жануарларды ұстауға арналған үй-жайларды қоса алғанда, қолайлы аймақта орналасқан өндіріс объектілерінде профилактикалық дезинфекцияны жылына екі рет жүргізу;

10) жануарларға мал иелерінің есебінен бруцеллезге қарсы вакцина егу;

11) диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған жануарларды оқшаулап ұстау;

12) көлік жолының қасынан жануарлармен өткен кезде және олардың жолдан өтіп бара жатқандағы тәртібін тікелей қадағалау арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау қажет.

4. Қараусыз немесе қаңғып жүрген жануарларды асырау, оларды иесіне қайтару Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабымен айқындалады.

5. Елді мекен жерлерінде мал жаятын орындарды аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі айқындайды.

6. Жануарларды асыраған кезде:

      1) жануарларға қатыгездікпен қарауға;

      2) жер асты суларын алуды қамтамасыз ететін құрылғылардан жиырма метрден жақын радиуста малдарды суаруға;

      3) су қорғау аймақтарының шегінде мал жаюға, малды шомылдыруға және санитариялық өңдеуге;

4) жануарлардың елді мекендер шегінде, сонымен қатар автомобиль және теміржол жолдарына бөлінген жолақта қараусыз мал жайылатын орындардан басқа жерлерде жүруіне;

5) қоршаған ортаны ластауға жол берілмейді.

 

Абай ауданының ветеринария бөлімі