«Рухани жаңғыру: Қастерлі мекен»

Жаңғырған табиғат таңғажайыбы таңғалдыруда

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел көлеміндегі игілігі мол бірқатар шараларға бастама болуда. Ұлт Көшбасшысының Ұлттық кодтың өлшемі боларлық тың тапсырмасы облыс, ауданымызда да нақты іспен жүзеге асуда. Соның бір айғағы ретінде «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енген Тоқтамыс ауылдық округіне қарасты «Қоңыр әулие» үңгіріндегі жаңғырту жұмыстарын айтсақ болады. Қыркүйектің 7-і күні ауданымызға жасаған жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед осынау бірегей орында болып, межелі мерзім ішінде атқарылып, мезгілінде аяқталған шаралар қатарына қанықты.

«Қоңыр әулие» үңгірін жаңғырту жұмыстары осыдан екі жарым ай бұрын облыс әкімінің тапсырмасымен басталған болатын. Ол үшін тиесілі қаржы бөлдіріп, тыңғылықты шаралар ретімен жүргізілді. Даниал Кенжетайұлы алғашқы кезекте тапсырмалар ретінің орындалуымен танысты. Бұл орайда пікір білдірген аймақ басшысы өз сөзінде:

- Бұл «Қоңыр әулие» үңгірі ұзақ ғасырлар бойы сантүрлі тайпаларға, көпшілік қауымға қызмет етіп келеді. Енді міне, жаңа заманда жаңғырып, туристік әлеуеті артып, алыс-жақыннан келетін қонақтарға жайлылығымен танылатын болды. Оған себеп те көп. Мәселен, майқарағай ағашынан жасалған баспалдақтар табиғи коррозияға өте төзімді екендігін айтқанымыз дұрыс. Бұл ұзақ жылдарға шыдамды  сапалы материал. Сәйкесінше, атқарылған жұмыстар атап өтуге тұрарлық, - деді.

Расында, «Қоңыр әулие» үңгірінің бұрынғы, бастапқы жағдайы мүлде сын көтермейтін-ді. Келуші туристер үшін тым қолайсыз болатын. Үңгірдің ішінде шам болмады. Әрі тас қабырғалардағы мыңдаған жылдар бойғы ыс пен күйе жайсыздық сезіндіретін. Үңгір түбіндегі шипалы суға баруға қиыршық тастар бөгет жасайтын еді. Бұл - еміне шипа іздеген адамдарға үлкен қиындық тудыратын-ды. Соған қарамастан жылма-жыл байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден ат арытып келушілер қатары арта түсуде. Ал, жаңғырту жұмыстары аталмыш орынға келуші меймандарға тамаша демалыс сәттерін сыйлайтыны анық.

Бүгінде облыс басшысының тікелей назарға алуымен іске асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш нысанға қаржы бөлініп, қадағалауының нәтижесінде құрылыс жұмыстары аз уақыт ішінде тәмамдалды. Электр бағандары орнатылып, қуаттылығы жоғары жарықшамдар құрылды. Ұзындығы 120 метр болатын ағаш баспалдақты жол салынып, жерасты көлінің суына барушыларға демалыс алаңдары да әзірленді. Сыртқы тау етегінен үңгірге баратын баспалдақты аяқжол жасалынып, тынығу орындары бой көтеріп, ат шаптырым аумақ толықтай ретке келтірілді.

Бір бұл емес, үңгір ішіне жаугершілік замандарда қазақтың қылышы мен қалқаны бола білген батырлар мүсіндері мен этнографиялық белгілер, көне түркі дәуірін еске түсіретін ана бейнесіндегі балбал тастар орналастырылды.

Құрылысы аяқталған нысан ішін аралап, танысып шыққан Даниал Кенжетайұлы атқарылған шараларға оң бағасын бере келе, аудан басшылығына мәдени-рухани сала бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Еуразия Ұлттық университеті және Шәкәрім атындағы университеттің ғылыми қызметкерлерінің аудан аумағындағы «Қырықүңгір», «Сарыкөл» қорымдарындағы бірлесіп жасаған қазба жұмыстары, ауданның киелі жерлер картасы және «Туған жер» бағдарламасы бойынша 2015-2017 жылдары атқарылған іс-шаралар арнайы стендт арқылы таныстырылды. Бірнеше жылдарға созылған археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған артефакттарға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы жоғары баға бере келе, қастерлі мекеннің тарихи мәнін мәйектендіре түскен үңгірдің қайта жаңғыртылған келбетіне де риза екендігін жеткізді.

Табиғаттың тамаша тартуы, ғажайыбы мол ерекше туынды саналатын «Қоңыр әулие» үңгірі ендігі аралықта өзгеше сипатқа енді. Бұл ретте жаңарту, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге арқау болғаны үшін облыс әкіміне, аудан басшылығына күн сайын қатары артып толассыз келіп жатқан туристердің айтар алғыстарының да мол екенін айта кеткеніміз жөн.

Нұржан БАЙТӨС,
«Абай елі»