Кәмен Оразалин

Шәкәрім ақынның қолынан дәм татқан, Мұхтардай  ғұлама жазушымен үзеңгілес, сыйлас, Абай рухының асыл шырақшысы бола білген жазушы Кәмен Оразалин 1920 жылдың 16 маусымында Семей облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылының Қылышбек жайлауында туған. 1939 жылы орта мектепті аяқтап, әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жасы 20-ға жеткен өрімдей жас жігіт елім мен өмір арпалысқан қан майданның қақ ортасында жүрді. Сол кездің өзінде-ақ Абай, Шәкәрім, Көкбай, Шәкірлер сияқты өлең жазып, Мұхтардай зерделі сөздің зергері болсам деп армандайтын жас жігіт қалам мен қаруды қатар ұстап жүрді..

Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен-ақ шайқастарға қатысып туған  жеріне аман оралған жазушы өзінің болашақ шығармаларына қыруар материалды туған жер төсінен жинады.

1947 жылы Семей педагогикалық институтын аяқтап, Қарауыл ауылының Абай атындағы мектебіне жұмысқа орналасып, сонда отыздан астам жыл еңбек етеді.

1950 жылы алғаш рет «Жексен» автобиографиялық повесімен әдебиетегі жолын бастады. Аталған еңбек ұрыс майданындағы сынақтарды сипаттайды.  

1959 жылы тың жерді игеруге арналған - «Ақ-жазық», 1964 жылы ұжымдастыру кезеңінен сыр шертетін - «Көктем салқыны», «Кең байтақ», «Данышпан ақын» («Екпінді», 1939ж, 30- маусым),  «Абай туралы» («Қазақ әдебиеті», 1963ж, 6-қыркүйек), «Абай» қолжазба журналы туралы  («Қазақстан мектебі», 1961ж, №9) т. б. мақалалары мен «Абай ауылына саяхат» (1976ж) деген кітаптары мен очерктер жинағы жарық көрді. «Абайдан соң» романының авторы.   Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген мүғалімі.  

Майдангер жазушы, қазақ әдебиетінің қадірменді ақсақалы Кәмен Оразалин зейнеткерлікке шықса да жазумен шұғылданды . 2008 жылы наурыз айында дүниеден өтті. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Октябрь революциясы, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Парасат» орденінің және көптеген медальдардың иегері.

 Құндызды ауылдық округі әкімі аппараты