«Қарттарым, аман-сау жүрші...»

Бүкіл әлемде және елімізде  жыл  сайын  қазан  айының бірінші жұлдызы «Халықаралық қарттар күні» мерекесі болып аталып өтіледі. Дана қазақ халқы ежелден қариясын, үлкендерін   қадірлеп өскен халық. Қарттарымыздың өр тұлғалары, өмірлік тәжірибелері,  парасатты  ақыл-кеңестері,  игі істері,   жылуы  мол  жүректері бүгінгі жас ұрпақ өкілдеріне  үлгі-өнеге. Өйткені ауылымыздың өткен тарихына, бүгінгі қол жеткен табыстарына ауыл қарттарының қосқан үлестері ұшан-теңіз. Сондықтан қарияларымыздың қамқорлықта болуларын қамтамасыз ету біздің перзенттік борышымыз деп білеміз.

Осындай игі шара біздің ауылымызда да жылма-жыл дәстүрлі түрде аталып өтіліп, жалғасын тауып келеді.

Бұл күні өткен қарттар күні екі бөлімнен тұратындығымен ерекшеленді. 1-бөлімде «Қарттарым, аман-сау жүрші...» атты ауыл қарттарына арналып мерекелік дастархан жайылды. Ауыл әкімі Мұқатай Асхат Амантайұлы ауыл қарттарын төл мерекелерімен құттықтап ауылымыздың тыныс-тіршілігінен сырт қалмай, әсіресе жастар тәрбиесіне, тәртібіне үлкен мен беріп, үнемі ақыл-кеңесімен көмек көрсетіп келе жатқан ауылымыздың қадірменді қариялары, ақылшы ағаларымызға, сонымен бірге ауылымызда үнемі жүйелі түрде өтіп отыратын әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға        ақ тілеуімен, ізгі ниетімен өзіндік үлестерін қосып жүрген әже-апаларымызға ыстық ықыласын білдірді.

Сонымен қатар ауыл әкімінің арнайы шақыруымен танымал айтыскер ақын,облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Серік Құсанбаев арнайы мереке иелерін құттықтап келіп, өз шығармашылығымен бөлісті. Ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері  қарттарымызға ән-жырдан шашу шашты.  Ауылымыздың қарттары Қарақабақов Доғалбек, Сабырбекұлы Сайлаухан, Әбішева Дінкен апалар ақ тілеулерін арнаса, Карменов Серік, Мақаев Ақанғали, Қуандықова Жамал, Матаева Бақтығаным, Құрышева Рымғайша ән шырқап, мерекенің көңілді де мәнді өтуіне ықпал етті.

Мерекелік дастарханның жайылуына ауыл кәсіпкерлері демеушілік жасаса, әкімшілік қызметкерлері, аяқтарынан тік тұрып қарияларға құрмет көрсетті.

«Қарттар күні» мерекесінің екінші бөлімі «Қарттарым-асыл қазынам!» атты ауыл жастарының ұйымдастыруымен мәдениет үйінде мерекелік концертпен жалғасты. Ауыл жастарының көшбасшысы, аудандық жастар маслихатының депутаты Құсайынов Мерейдің ұйымдастыруымен ауыл жастары мен мектеп оқушылары «Еңлік-Кебек» пьесасынан көрініс қойды. Қойылымның басты ролінде ойнаған апа-аталарымыздың немерелері Бақдәулетов Айдос (Кебек ролінде), Серікова Ділназ (Еңлік), Мейрамғалиев Жәнібек (Жәуетей), Доғалбеков Темірландар (Жапал), «Үкі» биін мың бұрала орындаған Сыпатаева Бағжан, «Әже-ата» әнін орындаған Рахметоллаева Жібек, «Ана-әке» әнін Серікқалиева Іңкар шәкірті Ерболова Бағыммен нақышына келтіре орындап, қариялардың ризашылығына бөленді.

1-қазан күні ауыл қарттарына арналған мерекелік іс шараға риза болған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Карменов Серік, Қонақаев Балтақай, қарт ұстаз Шәріпханова Шайза апаларымыз ризашылықтарын білдіріп, ауыл жастарына ақ батасын берді.

Қасқабұлақ ауылдық округі әкімің бас маманы
Бағдәулетқызы Шұғыла