Қоңыр әулие әлі де зерттелмеген

Абай елі-республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының осы өңірдегі Абай-Шәкәрім кесенесін және Қоңыр әулие үңгірін еліміздің қасиетті деп саналатын 100 нысаны қатарына қосуын қуанышпен қабылдады.

Оның үстіне Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай жуырда ғана «Қоңыр әулие» үңгіріне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бұл нысан заман талабына сай қайта жаңғырған болатын.

Таяуда осы екі нысанды көріп, оның жай-күйін зерттеп, оның болашағы туралы пікір  алмасу үшін осы ғылыми зерттеу орталығының мамандары Анар Екімбаева мен Әлия Сейсембаева іс-сапармен болып қайтты.

Кәсіби мамандар алдымен Жидебайға аялдап, ондағы мұражаймен танысып,  Абай-Шәкәрім кесенесін көріп тамашалады.

Әсіресе, ғылыми қызметкерлерді Қоңыр әулие үңгірі қатты қызықтырып, оның о бастағы табиғи қалпын сақтай отырып, бүгінде келушілерге барынша жағдай туғызғаны оң әсер қалдырды.

Сапар барысында үңгірдің алдындағы оба-тас қорымдар мен ондағы тасқа қашап салынған ру таңбалары суретке түсіріліп, болашақта «Шаған шайқасы» болған осы алаң қоршалып, белгі қою мәселесі сөз болды.

Үңгір ішін аралау кезінде ондағы бірінші көлдің ауқымы, әлі де белгісіз екінші, үшінші көл туралы көл суының қасиеті жөнінде әңгіме болып  соңғы күндері суға жүзуші арнайы мамандар тапқан арқардың басы, жылқы малының басы, жақ сүйектері мен қабырға сүйектері фотоға түсірілді. Үңгірдің іші-сыртындағы тасқа қашалған көптеген қолтаңба жазулар да назардан тыс қалмады.

Тіптен, ойда-жоқта тақтай төселген  жол бойынан көлге барар көрінер тұста тасқа арабша жазылған белгілерді көріп, суретке түсірудің сәті түсті.

Осы сапардың ертеңінде аудандағы Құнанбай қажы мешітінің имамы, арабша сауатты Болат қажы Самырбаевқа оқытсақ  онда: «Ұлылық...... сапар...

Молдабек баласы Әбдіғали  Саратов 

7.ҮІІІ. 1924 ж.» деп жазылған болып шықты.

Осы орайда 1887 жылғы Абай мен Долгополовтың және Абайдың балалары мен шәкірттерінің үңгірде кіре берісте қалдырған қолтаңбалары мен 1943 жылғы елге келгендегі М.Әуезовтің аты жазылған жазуы табылып жатса, келушілер үшін қызықты дерек болары сөзсіз.

Аудандық мәдениет үйіндегі бас қосуда республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының маманы Анар Екімбаева іс-сапар мақсатын айтып, орталықтың алдағы жұмысымен таныстырып, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге Абайлық зерттеушілерді  шақырды.

Аудандық мәдениет үйінің директоры С.Нурпейсов пен аудандық өлке тану музейінің меңгерушісі М.Жүнісжанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында құнды ұсыныстар айтты.

Әдебиетші, драматург, өлке танушы Әсет Медеуханұлы жуырда жарық көрген «Дала данышпаны-Құнанбай» атты жинақ кітапты естелікке ұсынып, ғылыми зерттеу орталығының ісіне сәттілік тіледі.

 

Абай аудандық мәдениет үйі» 
КМҚК-ның директоры: С.Нурпейсов