Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары
мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар
үні- бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы  ғана.

Н.Назарбаев.

Ұлылар  туған  ұлы  дала т арихы

Президентіміз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында, таяу жылдардағы міндеттердің бірінде «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу-шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі»- деп тайға таңба басқандай айтқан еді. Елбасының мақаласынан бастау алып, жерлесіміз Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына байланысты М.Әуезов атындағы орта мектеп аудандық білім бөлімінің келісімімен, Бөрлідегі М.Әуезовтің қорық мұражайымен бірлесе отырып «Ұлылар туған ұлы дала тарихы» атты тарихи жерлерге саяхат сабақтарын өткізді.Тарихи жерлерде өткізілген саяхат сабақтарының негізгі мақсаттары мен міндеттері: «Мәңгілік Ел»-ұлттық сана-сезім мен отаншылдықтың дамуында ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерін тәрбиелеу; «Туған жер», «Туған ел» ба,дарламасы негізінде туған жерге, оның мәдениеті мен тарихы, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға үйрету; Оқушылар санасына жалпұлттық қасиетті орындар туралы ұғымды сіңіру; Жалпы білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында М.Әуезовтің Шығармаларын насихаттау; М.Әуезовтің Бөрлідегі қорық мұражайын таныстыру арқылы білім алушылардыруханиқұндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу;  М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар суреттелген жерлерге саяхат жасау арқылы оқушылардың танымын кеңейту;  М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет қойылған Ойқұдықта, дала сахнасында пьесаны тамашалау арқылы оқушылардың өнерге деген құштарлығын арттыру;

         Тарихи жерлерге саяхат сабағына ауданымыздағы барлық мектептерден үш оқушы, бір мұғалімді аудандық оқу бөлімінің әдістемелік кабинетінің жетекшісі Қасеева Гүлмира Шайкенқызы мен әдіскер Имантаев Бектөлеу Әкішұлы бастап келді.  26 қазан күні сағат 10.00 де бәріміз ат басын Бөрлідегі М.Әуезов қорық мұражайына тіредік. Есік алдынан құшақ жая қарсы алған мұражай меңгерушісі Шағжан Исабаев кәсіби қызметіне кірісіп, мұражайды таныстыра отырып, жазушы өмірінен сыр шертті. Келесі сабағымыз Бөрліден 7-8 шақырым жердегі, Ұлы ақынның жарлары Ділдә мен Әйгерімнің мәңгілік мекеніне айналған жер                     « Аралтөбеде» жалғасты. Екі өзектің ортасында шындығында судың ортасында қалған аралдай болып жатқан төбе екен. Әрине қазір өзектен су ақпайды, десекте сол өзек менен де кезінде сылдырлап су аққан деп тұрғандай. Бұл жерде «Маржаннан сөз өрнектеп ақынға шабыт біткен дер» атты саяхат сабағын М.Әуезов орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Толқын Мурсалимова өткізді. Мұғалім сөзін Аралтөбе жеріне географиялық сипаттама беруден бастап, Аралтөбе және Абай шығармашылығы, Арал төбе жерінің М.Әуезов өміріндегі орнына тоқтала келіп, Аралтөбе тарихындағы ел аналары Ділдә мен Әйгерімнің қалдырған ізімен аяқтады. Аралтөбеден шығысқа қарай 1,5 шақырым жүріп «Тізесуға» жеттік. Аты айтып тұрғандай шалқар көл болмаса да тізеден келетін судың болғанын етектегі қақтың орны айғақтап тұрғандай. Шіркін дәл осы жерде сал Біржан  Абайдың даналығына қалай басын иіп, ақын Абай Біржанның әніне қалай сүйсінді екен. Келесі сабақты «Өнерлі ақынға ән сүйгізген, сал-серіге ой түйгізген өлке» тақырыбымен тарих пәнінің мұғалімі Кенжегүл Ермекбаева жүргізді. Кей зерттеулерде осы Біржан сал келді ме? Келмеді ме? Деген сауалдар да туындап жатады. Бұл жерде мұғалім Абай мен Біржанның кездесуін зерттеушілердің дәйектерімен дәлелдей түседі. Көз алдымызға Абай мен Біржан қазір кездесіп тұрғандай әсерде қалдық. Бөрліге кейін қайттық мақсат Мұхтардың кіндік қаны тамған жер «Аяққарағанға» тас белгі қою. Аяққараған сол Бөрлінің дәл іргесінде. Қанайдан бастау алған қалың қарағанның аяқталар тұсы да сол қараған. Міне осы жерде 1897 жылы Мұхтар атамыз дүниеге келіпті. Әуелі М.Әуезов мұражайының ұжымы тас белгі қойды. Осы жерде Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жібек Қонақаева «Ұлылықты тербеткен ұлы жер» тақырыбында сабақ өткізді. Ұлы жазушының балалық шағынан бастап, өткен өмірі мен шығармаларына тоқталып өтті. Түске дейінгі уақытымыз қас пен көздің арасында өте шықты. Түскі асты мектеп асханасында ішіп, 14.00 де Құнанбай қажы бастатқан бүкіл әулетінің мәңгілік орнына айналған киелі жер «Ақшоқыға» жол тарттық. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақпыз ғой, әуелі құран бағыштап хатым түсірілді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Альфира Желдібаева Ақшоқы қыстауының нешеу екені, Құнанбай балаларына қалай бөліп бергендігі, қазіргі қорымда жатқан адамдар туралы тоқталып «Мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен» атты тарихи жерлерге саяхат сабағын өткізді. Ендігі бағыт Ұлы Абай дүниеге келген жер. «Сырт Қасқабұлақ».  Шіркін Абай ақын туған кезде бұл жер қандай болды екен, бұлағы қалай ақты екен?

         Қазір де жылап ағып-ақ Қасқабұлақтың малының шөлін қандырып тұр. Сырт Қасқабұлақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айтолқын Сагибаева                           « Тарихи шежірелі Қасқабұлақ» тақырыбында сабақ өткізді. Бұл арада Абай атамыздың дүниеге келуі туралы естеліктер, ақынның кіндік қаны тамған жерге шолу жасалды. Абайдың Қасқабұлағы туралы ақындардың өлеңдерін оқушылар жатқа оқыды. Аттың басын Сыртқасқабұлақтан оңтүстікке қарай 6 шақырымдай жер «Ойқұдыққа» бұрдық. Бұл жерде 1917 жылы дала сахнасында тұңғыш рет «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған жер. Осыдан 100 жыл бұрын жиырма жастағы Мұхтар Әйгерімнің киіз үйінде өзі драматруг, өзі қоюшы, өзі суфльер болып, қазақ әдебиетінде алғаш драматургияның негізін қалаған екен. Рөлдерде Абайдың ағайын-туыстары ойнапты. Әйел адамдардың рөлін ер адамдар сомдаған екен. Ең алғаш рет бұл жерге тас белгіні 1967 жылы Қасқабұлақтық азаматтар қойып, кейіннен 2002 жылы М.Әуезов атындағы  орта мектептің мұғалімдері қойған. Міне 15 жылдан кейін де осы мектеп ұжымы жаңалап қойып жатыр. Бұл жайында осы мектептің мұғалімі Зәметай Дәуітов тоқталып өтті. Мектеп мұғалімінің сабағынан соң М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары жартылай тігілген киіз үй сахнасында «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді қойып берді. Осы жерде сабаққа келген бүкіл мектеп оқушылары ішінен «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінді оқудан байқау ұйымдастырылды. Үздіктер мақтау қағаздарымен марапатталды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Қонақаева Жібек