Құрметті жерлестер, ардақты ардагерлер, қадірменді замандастар!

Міне, адамзаттың даму тарихында айтарлықтай із қалдырған тағы бір жыл аяқталуға жақын. Өткен жыл еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуі мен халық тұрмысының жақсаруына жаңа серпін бергені ақиқат. Аудан халқының да тұрмысы ажарлы, өмірлері базарлы болып өз болашақтарына деген сенімдері арта түсті. Ауылдарды көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру және жаңа әлеуметтік нысандар салудағы атқарылған істер жұртшылық көңілінен шығуда.
Ауданымыздың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығында мемлекет қамқорлығы арқылы өрлеу, өркендеу бар. Рухани салада тың ізденістер мен жаңа жетістіктер бар. Ұлағатты ұстаздарымыздың, дарынды өнерпаздарымыздың, талапты жастарымыздың, сайыпқыран спортшыларымыздың шығармашылық табыстары облысқа, республикаға, әлемге танылды. Олар барлық істерде де «ұлылыр елінің ұрпағы» деген атқа лайықтылық көрсетіп келеді. Халқымыздың ынтымағы артып, рухы биіктеді. Осы үрдіс жалғаса берсін, ағайын!
Жарқын үміттерге толы Жаңа жылдан әр адам үлкен жақсылық, ізгілік, береке, табыс күтеді.
Баршаңызды сайын даланы сағындырып, шаттығын ала келген Жаңа 2018 жылмен шын жүректен құттықтаймыз.
Келер жыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында аясында кемеңгер, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығы, «Туған жер» бағдарламасына орай Абай ауданының құрылғанына 90 жыл, егеменді еліміздің ерен бақыты Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығы мерекеленетін тарихи жыл. Жаңа жыл елімізге өрлеу, халқымызға игілік әкелсін. Оның әр күні Сіздерді қуаныш пен бақытқа, ырыс пен ынтымаққа бөлесін!
Өмірлеріңіз мәнді, тұрмыстарыңыз сәнді, болашақтарыңыз нұрлы, ұрпақтарыңыз ғұмырлы болсын! 


Ж. Байсабыров
Абай ауданының әкімі
Е. Лдибаев
Аудандық мәслихат хатшысы