2018 жылғы көктем кезеңіндегі су тасқынына дайындық

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар Комитетінің және ШҚО әкімі Д. Ахметовтың 2018 жылдың көктем кезеңіне арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында, Абай ауданы әкімінің орынбасары М. Еділбаевтың төрағалығымен, Абай ауданының прокуроры Д. Аубакировтың, Төтенше жағдайлар бөлімі бастығы С. Азамбаевтың, аудандық төтенше жағдайлар комиссия мүшелері және ауыл әкімдерінің қатысуымен, аудандық әкімдігінің ғимаратында 2018 жылдың 09 ақпанында аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының «2018 жылғы көктем кезеңіндегі су тасқынының алдын алу» бойынша кезекті отырысы ұйымдастырылып өткізілді.
Аталған отырыста, су тасқыны қауіпті кезеңге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көктем кезеңіндегі төтенше жағдайлардан болатын нұқсанды азайтуға бағытталған қарапайым іс-шараларын жүргізуге әзірлігі туралы кіріспе сөзбен аудан әкімінің орынбасары М. Еділбаев бастады.
Сонымен қатар, 2017 жылғы көктем кезеңінде атқарылған және алдағы көктем кезеңінде атқарылатын жұмыстар, аумақтың азаматтық қорғау күш пен құралдарының дайындығы туралы Абай ауданының ТЖБ бастығы С. Азамбаев; су тасқыны кезеңіне әзірленуі және дайындығы туралы комиссия мүшелері мен ауылдық округ әкімдері тындалды. Аудан прокуроры Д. Аубакиров комиссия мүшелеріне ұсыныстар енгізіп, қажетті іс-шаралардың орындалуын бақылауға алуды ескертті.
Өткізілген отырыс барысында барлық қатысушыларға, мемлекетіміздің көптеген аймақтарында, сонымен қатар ШҚО-да қысқы мезгілде қардың аз түсіп, аймақтын кейбір жерлерінде жердің терең қатуына байланысты, көктем кезінде ауа-райы күрт жылынатын болса су тасқыны қауіпті жағдайы туындап қиындау мүмкіндігі және елімізде, ауданымызда өткен жылдарда болған су қаупі жағдайлар туралы ақпарат жеткізілді.
Ары қарай, Абай ауданындағы азаматтық қорғаныс органдары мен жергілікті атқарушы органдарының 2018 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындығы, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, адам өлуіне жол бермеу іс-шараларын орындау; тіршілікпен қамтамасыз ететін нысандардың дайындығы және тұрақты жұмыс істеуі; облыстық және елді мекендерге апаратын автокөлік жолдарын қалпында ұстау, халыққа көмек көрсету, арнайы техниканың дайындығы; құлақтандыру жүйесінің жағдайы туралы отырыстын регламенті бойынша негізгі мәселелер қарастырылды.
Отырыстың нәтижесі бойынша, аудан әкімнің орынбасары М. Еділбаевпен ТЖБ бастығы С. Азамбаев барлық комиссия мүшелеріне, ауыл әкімдеріне, осы отырыстын маңыздылығы туралы айтып, су тасқыны кезеңіндегі іс-шараларды уақытылы және сапалы орындау, халық пен мүліктін қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырмалар берді.

ШҚО ТЖД Абай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі