Ардақты әжелер, асыл аналар, аяулы арулар!

Сіздерді ару көктемнің лебі, күміс күннің нұрымен арайланған, адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған абзал жандар мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Көктемнің ең әдемі мейрамы арқашанда шексіз мейірім мен игілік нұрын сыйлады. Бұл мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі. Әйел тек отбасының береке-бірлігінің ұйытқысы ғана емес, ол мемлекеттік істерге, саяси мәселелерге белсене араласатын тұлға.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Алтын құрсақ ананың амандығы мен баланың жарқын күлкісі – біздің басты байлығымыз» деп атап көрсеткен болатын.

Ұлы аналарымыз Айпара мен Зеренің зерделілігі, Ұлжан ананың ұлағаты, ару Тоғжан мен ер Баянның нәзіктігі мен ерлігі дарыған Абай елінің ардақты аналары тарихи өңірдің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Біздің аналарымыз – жарқын істерді бастаушы, ел бірлігінің ұйытқысы, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегі. Еңбекте, өнерде, білім беруде баршаға үлгі. Кейінгі толқын осынау игі дәстүрді лайықты жалғастыруда.

Қымбатты аналар!

Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттықтың шуағын әкелесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз баршамызға сенімділік ұялатып, жігер береді. Әйелдің жүрегі – әлемнің тірегі. Осы ерекше қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс-құт дарысын. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, шуақты мерекеде көтеріңкі көңіл күй тілейміз!

Аудан әкімі Ж.Байсабыров

Аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Лдибаев