Болашақ зейнетақыны бүгіннен ойлау қажет

Зейнетақы туралы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасының  азаматы зейнетақымен қамсыздандырылуға құқылы. Белгілі болғандай, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда ортақ зейнетақы жүйесі жұмыс істегені белгілі. Ол ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген болатын. Ал 1998 жылы елімізде жаңа жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Бүгінде отандық зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Бірінші деңгей жасына байланысты ортақ зейнетақыдан (еңбек зейнетақысы) және базалық зейнетақыдан құралады. Ортақ зейнетақы мемлекеттік бюджеттен төленеді және оны алушылардың еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай болуы керек. Базалық зейнетақы да бюджеттен төленеді және 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріледі. Ал бұған дейін базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленіп келген болатын. Екінші деңгей – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген жүйе. Міндетті зейнетақы жарналары салымшының айлық табысының 10 пайызын құрайды және жеке зейнетақы шотына аударылып отырады. Сонымен қатар, еңбек жағдайлары денсаулыққа зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен қосымша 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленеді. Бұл жарналар 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Тағы қоса кетеріміз, 2020 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланған. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды және жұмыс берушінің есебінен төленеді. Үшінші деңгей –  бұл ерікті зейнетақы жарналары. Өз еркіңізбен зейнетақы Қорына ерікті жарналарды аудару - болашақта алатын зейнетақының мөлшерін едәуір ұлғайтуға септігін тигізеді.

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын тартумен айналысады, сонымен қатар зейнетақы жинақтарының дербес есебін жүргізеді және зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады.  

Жеке тұлғалар жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей БЖЗҚ кеңсесіне жүгінеді немесе қордың ресми сайты арқылы өтініш жолдайды. Сонымен қатар сенім білдірілген тұлға да тиісті құжаттармен Қор кеңсесіне келіп, зейнетақы шотын аша алады.

Бұдан басқа, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдардың жеке зейнетақы шотын ашуға құқылы.  

БЖЗҚ тарапынан шарттың талаптарын мүлтіксіз орындау үшін, салымшы (алушы) өз деректемелерінің, сондай-ақ, тұрғылықты және электрондық мекенжайының, ұялы телефонының, банк шотының өзгергендігі туралы Қорға дер кезінде мәлімдеп отыруы тиіс.

БЖЗҚ-ның көп маңызды міндеттерінің бірі – салымшылар мен алушыларға жиинақталған зейнетақы қаражатының жағдайы туралы  ақпарат беріп отыру. Бүгінде жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпаратты интернет байланысы арқылы алу ерекше танымал болып отыр.

Шоттың жай-күйі туралы ақпарат тегін беріледі, ал ал ақпарат алу тәсілін салымшы өзі таңдайды. 

Шоттан үзінді-көшірме алудың мынадай тәсілдері бар: 

пошта байланысы арқылы  – жылына бір рет;

таңдап алынған төлем кестесіне сәйкес электрондық пошта арқылы – (ай сайын, үш ай сайын, алты ай сайын, жыл сайын);

БЖЗҚ кеңсесіне тікелей өзі келгенде – бұған шек қойылмайды;

интернет-хабарландыру арқылы (сайт немесе смартфондар мен планшеттерге арналған ENPF ұялы қосымшасы бойынша) – онлайн режимінде – шектеусіз;

enpf.kz сайтына тіркелу жолымен оның «Жеке кабинеті» арқылы немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бар болса egov.kz электрондық үкімет сайты арқылы -  шектеусіз. 

Егер Сіз зейнетақы шотыңыз жайында үзінді-көшірме алу тәсілін таңдамаған болсаңыз немесе оны интернет байланысы арқылы алғыңыз келсе жеке басыңызды куәландыратын құжатпен жақын жердегі Қор кеңсесіне келіп, хабарлау тәсілі туралы қосымша келісім жасай аласыз.     

Электрондық цифрлық қолтаңба бар болса оны Қор сайты арқылы да жасауға болады. Бұл операция бар болғаны бірнеше минутты алады.  

Семей қаласындағы «БЖЗҚ» АҚ  Бас маманы Р. Пичитаев