Ардақты әжелер, асыл аналар, аяулы арулар!

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілікке толы мерекесі. Сіздерді төл мерекелереңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Аяулы аналардың нәзік жүрегі сүйген жарына, перзентіне, туған жері мен Отанына деген махаббатқа толы. Тіршілік атаулыға мағына, мән беріп, дүниені әсемдік беріп тұрған арулардың жүрегіндегі сол ізгі сезімдер. Сол үшін біз оларды ерекше құрметтейміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген дана сөзі үнемі жадымызда сақталып тұрады.

Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейірімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.

Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Халықтың демографиялық өсуіне өлшеусіз үлес қосқан алтын құрсақты аналар – ұлт байлығы. Ауданымыздағы сәби жүректерге әлемнің жарығын сыйлаған 800-ден астам «Алтын алқалы», «Күміс алқалы» батыр аналарымызға және көп балалы аналарға басымызды иеміз.

«Қыз өссе елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланы ерекше құрметтеп, әрқашан төрден орын берген. Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған. Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық. Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша мән беріледі.

Қымбатты аналар!

Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт пен қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін!

Абай ауданының  әкімі Ж.Байсабыров

Аудандық мәслихат хатшысы Е.Лдибаев