Облыс әкімінің есебі

Ақпан айының соңғы аптасында Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов халық алдында есеп берді. Аймақ басшысының баяндамасын онлайн режимде барлық аудандар мен қалалардың тұрғындары көре алды. Даниал Ахметов өткен жылды қорытындылап, биылға межеленген міндеттерге жан-жақты тоқталды. Азаматтар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Жыл қорытындысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов,Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, археолог-ғалымдар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубеков, сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындардың еңбеккерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Атап өтерлігі, осы жолы облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есебі ерекше форматта өтті. Есепті баяндама алдында облыстың түкпір-түкпірінен тұрғындар сұрақтары бейне-экраннан көрсетілді. Аймақ басшысы өз баяндамасын сол сауалдар негізінде, оларға жауап бере отырып өрбітті.

-Облыс қарқынды даму жолына түсіп, негізгі жоспар толық орындалды, -деді аймақ басшысы. –Былтыр жалпы өңірлік өнім 104 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 118, ауыл шаруашылығы 107,  инвестициялар 112, құрылыс жұмыстары 108, бөлшек сауда 104 пайызды құрады. Нақты сектордағы оң серпін әлеуметтік сала дамуына тиімді әсер етті. Тұрғындардың ақшалай кірісі 117, орташа жалақы 111, жеке тұлғалар депозиттері 110 процентке артты. 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Былтырдан бері өңірдің 34 ірі және орта кәсіпорны 36 мың қызметкердің еңбекақысын көтерді. Жыл басынан бюджеттік салада жұмыс істейтін 38 мың адамның табысы орта есеппен 35 пайызға өсті. Жалпы, еңбекақы өсімі 117 мың адамды қамтитын болады,-деді облыс әкімі.

Облыс әкімі өз сөзін:- Облыс қарқынды даму үстінде, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым » деп ұлы Абай бабамыз айтқандай, береке бірлік сүйіспеншілік болса алынбайтын қамал жоқ,- деген қанатты сөзбен түйіндеді.

Абай елі атынан, Орда ауылының тұрғыны, көп балалы ана Р.Ұзакова телетүсірім арқылы сөз алып, облыс әкіміне жас ұрпақтардың білім алуына жасаған қамқорлығына рахмет айтты.

Облыс әкімі есебіне аудан әкімі Ж.Байсабыров бастығын Абай ауданы өкілдері қатысып қайтты.