«Егеменнің» 100 жылдығы Абай елінен басталды

 «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің 100 жылдық мерейтойы қасиетті Абай елінен бастау алды.

Мерейтойлық шараға атбасын тіреп, Астанадан арнайы келген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, қазақтың айтулы ақындары – Несіпбек Айтов,Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, газеттің ардагері Оңдасын Елубай бастаған, «Шығыс Ақпарат» АҚ басқарма төрағасы Серік Жеңісов, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысы орынбасары Айдар Садырбаев,семейлікжас журналистер қостаған топ шежірелі Шыңғыстауды бетке алып, бірінші кезенге ұлы Абай мен Шәкәрім кесенелеріне тәу етіп, ұлттың темірқазығына айналған тұлғалар рухына құран бағыштады. Құрметті қонақтарды Аудан әкімі Ж.Байсабыров бастаған топ құрметпен қарсы алды. Абай елінің ақиық ақыны, ел тарихының бүгінгі хабаршысы Төлеген Жанғалиевтің Елбасының тікелей қамқорлығымен тұрғызылған ғибадат орнының қалай салынғандығы, Абай, Шәкәрім ұрпақтары, олардың тартқан қасіреті жөніндегі тұщымды, ғибратты әңгімелері зиярат етуші қауымды бір сәт ойлантып тастағаны рас. Бұдан кейін қонақтар Абай ауданының орталығы – Қарауыл ауылындағы 2018 жылы қайтадан жаңаша кейіпте сомдалып, ашылған ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш басында сөз алған басылым басшысы Д.Қыдырәлі: «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы» деп бекерге айтпаса керек. Еліміздегі кез келген дүние, маңызды, ауқымды шаралар Абайдан, Абайға тағзым етуден басталуы керек. Бұл іс игі дәстүрге айналуы қажет. «Егемен Қазақстан» газетінің ғасырлық мерейтойын Абай елінен бастап жатқанымыздың себебі де – осы» деді. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, Мемлекет басшысы Абай еліне 5 мәрте ат басын тіреген екен.  1991 жылы желтоқсан айында жалпыхалықтық Президент сайлауында жеңіске жеткеннен кейінгі Ант беру салтанатына қасиетті Абай жерінен белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов Алматыға арнайы шақырылып, күллі қазақ елінің атынан бата бергені де жұртшылық есінде. Осындай құт қонып, қасиет дарыған өлке бүгінде өсіп-өркендеп, дамып келе жатқанын Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров өз сөзінде атап өтіп: «Былтырғы ел болып, жұрт болып жұмыла жасаған жұмысымыз – аудан орталығына Абай атамыздың еңселі, түпнұсқаға жақын келетін ескерткішін орнатуымыз. Ескерткішті абайлық талантты жас мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шықты. Ескерткіш ашылғаннан кейін сол аумақты абаттандырып, субұрқақ орнаттық. Елдің бәрі «Абайда су жоқ» дейді. Былтыр ауданымызда тұңғыш рет балаларға арналған 50 орындық бассейн ашылды. Ұлылар мекенінде осындай игілікті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ғасырлық тағылымды тарихы бар «Егеменнің» мерейтойы Абай елінен бастап жатқандарыңыз біз үшін мәртебе, зор құрмет» деп алғысын жеткізді.

"Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығына арналған шаралар Алаштың бас қаласы аталған Семей қаласында одан әрі жалғасты.