Аудандық ішкі істер бөлімі бастығы Н.Хозаев халық алдында есеп берді

Ақпан айының 25 күні Жастар орталығында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Хозаев Қарауыл халқымен кездесіп, ел алдында есеп берді. Алқалы жиынды кіріспе сөзімен ашқан Қарауыл ауылдық округ әкімі М.Смағұлов күн тәртібінде қаралатын есептік баяндамаға кезек берді.

Бөлім басшысының жылдық баяндамасын басшылыққа алатын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда құқық қорғау саласындағы кейбір құқықбұзушылық әрекеттердің төмендеуі мен қылмыс істерінің ашылу деңгейі анағұрлым артқан. Бұл да жүйелі жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесі болса керек.

Сонымен қатар жиында кейінгі өзгерістермен толықтыуларға байланысты ҚР ҚК-нің кейбір баптарына енгізілген өзгерістер бойынша түсінік берілді.

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру мақсатында қазіргі уақытта тиімді іс-шаралар қабылдануда екен. Соның бірі мал ұрлығының алдын алу бойынша, әр ауылдық округтерде бағылмай, қараусыз жүрген малдарға уақытша қамау орындары ашылғандығын атап өтті. Әсіресе қылмыстың басым көпшілігін құрайтын мал ұрлығын болдырмас үшін тұрғындар өз иеліктеріндегі малдарға ен салып, әр бағытта шығатын бақташыларға малдарын қосатын болса, қылмыстың алдын алуға болар еді. Дегенмен тұрғындар тарапынан мал бағуға байланысты әлі де бірауыздан келісімді пікір болмай тұр.

Жиында ауыл тұрғындары арасында Қарауыл ауылы ардагерлер ұймының төрағасы Ш.Несіпбай, ауыл ақсақалдары Б.Бейсенбаев пен М.Мағденов сауалдарын жолдады. Учаскелік полиция қызметкерлері көлікпен қамтылса, көшедегі қараусыз малдар тиылса, қоғамдық орындардағы бейберекетсіздік пен заңсыздық жойылса, көпшілік жиі өтетін Ералы мен Абай көшелерінің қиылысына жаяу жүргіншілер жолағы салынса деген сауалдар тұрғындар тарапынан жолданып жатты.Әр сауалға жекелеме жауап берген бөлім бастығы, жиын соңынан соң тұрғындарды жекелеме қоғамдық қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Осылайша аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Хозаевтың  жылдық есебіне ауыл тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын берді.