Жиын арқауы - сыбайлас жемқорлық

Жуырда Абай  ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Марат Еділбаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы келелі жиын болып өтті.    

Басқосуға  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаментінің Семей аймағы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл  ауданаралық басқармасы» ММ басшысы Ғалымжан Қошқарбаев, тергеуші  Қ.Ерденбеков мырзалар мен Абай ауданының білім бөліміне қарасты мекемелердің  директорлары, есепшілері мен директордың орынбасарлары және кәсіподақ төрағалары қатысты.

Жиын барысында аталған мекеменің 25.01.2018 жылғы №8-9/1499 жолданған хаты негізінде тексеріс жұмыстары жүргізіліп, бірқатар мәселелер қозғалды. Мәселен, Абай ауданының жалпы орта білім беретін мектептерінің 2016 жылдан бергі қазіргі уақытқа дейінгі  құжаттары (тариф, сағат санының бөліну табелі, жүктемелер бойынша бұйрықтар,  іс-сапар шығындары туралы мемориалды ордерлер №8, №6, №13, №3) туралы мәлімет алу тапсырмасына сәйкес жүргізілген тексеру нәтижелері айтылды. Отырыста күні бүгінге дейін жүргізілген сырттай мониторингтік бақылау мақсатында тексерілген мектептердің есептік құжаттарының қорытындысы бойынша анықталған әкімшілік құқықбұзушылықтар, тиісті тұлғаларға тағайындалған тәртіптік жазалар сөз етілді.  

Жиын қаулысы бойынша алдағы уақыттарда бұндай заңбұзушылықтардың алдын алу, білім мекемелері басшыларына тиісті заңдылықтарға сәйкес қаржыландыру жоспарының қаражаттарын уақытылы әрі мақсатты жұмсалуын қадағалау барысындағы шаралар атап тапсырылды.