Ән өнерінің дара тұлғасына арналды

Биыл алаштан ән оздырған біртуар өнер иесі, дәстүрлі әннің дарабозы, ҚР – ның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жәнібек Кәрменовтің туғанына 70 жыл. Ауданымызда атаулы мерекеге арналған шаралар жоспары әзірленіп, мәдени кештер ән өнерінің майталманына арналуда. Осыған орай, жыр дүлдүліне арналған рухани кеш өзінің туған өлкесінде, есімі берілген өнер ордасында бастау алды.

Бір бойына сан қырлы өнер жиған Ж.Кәрменовтың құжат бойынша туылған күні 22 наурыз деп тіркелген. Дегенмен, ақынның нақ туылған күні 22 ақпан екенін біреу білсе, біреу біле бермесі анық. Осы ретте, дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы, талантты ұстаз есімі ардақталған шара дәл осы күні шымылдық түрді.

 «Ән аманат» атты кешті бастап берген өнер ордасының оқытушысы Меруерт Қамбар Ж.Кәрменовтың шәкірті, Арқа мектебінен тәлім алған дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы Қайрат Қабышевқа сөз тізгінін ұсынды.

Өзі сазгер, өзі ақын Жәнібектің аманат болып қалған дәстүрлі әндерін шәкірті Қ.Қабышев жеткізе орындап, құлақтан кірген әнге тыңдарманның өне бойлары елітіп сала бергендей.

            Өнер ордасын әнмен әуелеткен шәкірті ең әуелі Абайдың, халық композиторларының әндерін және Жәнібек Кәрменовтың әндерін шырқап, сахна төрін күйлі әуенге бөледі. Кешті сырлы әңгімелерімен жалғап отырған шәкірті Жәнібектің өнеріне ерекше басымдық беріп, кешегі арамыздан кеткен абзал азаматтың есімін өшірмей, ұлықтау мақсатында еске алу кештерін қолға алуды мақсат тұтқанын жасырмады. Осынау ойдың аясында ең бірінші облысқа, елімізге танымал жерлесіміз, Алаштан ән оздырған Жәнібек Кәрменовтей өнер саңлағын өзі туған өлкесінде әрі есімі берілген өнер мектебінде алғашқылардың бірі болып өткізу міндет екендігін жеткізіп, шара жалғасы мұнымен шектелмейтінін де айтып өтті. Әрине, өмірден ерте кеткенімен кейінгіге сарқылмас мол мұра қалдырған қасиетті өлкенің талантты ұлын ардақтау ұрпақ парызы екені ләзім.

Жәнібек өзінің сөзіне ән жазып, тыңдарман жүрегін еліте білетін тамаша сазгер де еді. Алайда, қысқа ғұмыры талантын толықтай тануға мүмкіндік бермеді. Десе де артындағы өнерін насихаттаушы, жолын жалғастырушы шәкірттері барда Жәнібек есімі әсте өшпек емес.  Бұл ретте, асқан талант иесіне арналған текті тұлғалардың теңеулерін тұщымды сөзіне сабақтап, танымды түрде жеткізе білген шәкірті ұстаз өнеріне терең бойлай білді. Жәнібектің күміс көмей әншілігі, дара туған болмысы шәкіртінің де бойынан табыларлықтай. Себебі, Қайрат Қабышев кеш аясында күйлі домбырасын шертіп, әуелете салған әндері тыңдарманын тамсантпай қоймады. 

Кеш соңында пікір білдірген аудандық білім бөлімінің әдіскері Бектөлеу Имантаев, Саз мектебінің оқытушысы Ораз Сыздықов Жәнібек жайлы естеліктерін ортаға салып, ой бөлісті.

Өмірін өнерімен өрнектеген, дәстүрлі әннің дүлдүлі Жәнібек Кәрменовты еске алуға арналған кеш бір мезеттік болса да, жан дүниесі таза, қарапайым, бауырмал тұлғаның есімін артында қалған елі ешқашан ұмытпақ емес.