Кәсіпкерлер форумы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кемел еліміздің өркениеттің даму жолындағы алар орны мен бабаларымыздың баға жетпес құндыоықтарын айшықтаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін» деп атап көрсетті. Өткенімізді саралап, әлем тарихындағы қазақ халқының алар орны мен салмағын нақты деректерге сүйене отырып дәлелдеп, сонымен мақтанатын, бүкпесіз айтатын кезге жеттік. Төл тарихымыздың төлқұжатындай қастерлеу –біздің халқымыздың ұлы мақсатқа жетуінің кепілі.

Осы орайда  аудандық мәдениет үйінде  Шәкәрім бабамыздың дастанына арқау болған, Абылай ханның өзі құрметтеген, қазақ-жоңғар шайқасында ерлігімен көзге түсіп, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға серік болған «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы» Тоқтамыс батыр Лақаұлының 290 жылдығына байланысты  «Туған жерге туыңды тік» тақырыбымен Абай ауданының шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкерлерінің форумы өтті. Форум «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы» Тоқтамыс батырдың 290 жылдығы қарсаңында бабамызға еңселі ескерткіш қою мәселесіне арналды. Сөз жоқ, бұл іске  елжанды азаматтардың қолдауы орасан зор. Абылайханнан бата алып, қазақтың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сияқты қас батырларына серік болып, жоңғар шапқыншылығына қарсы жойқын күш көрсеткен батыр бабаға деген ел құрметі ешқашан кеміп көрген емес. Сахна төріне қойылған  Тоқтамыс батыр ескерткішінің макеті аудан азаматтарының көңілінен шығып, жақын арада тұғырдан көрсек деген  тілектерінің  бір арнадан тоғысқанын айқын аңғартты. 

 Егеменді ел тірегінің ең бастаушы күші-кәсіпкерлікте.  Еліміз егемендік алып, етең-жеңін енді жия бастаған кезде елде еңбекақы мен зейнетақы бірнеше айлар  уақытылы берілмей,халық қысылтаяң күн кешкенде жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, елдің еңсесін тіктеуге үлкен үлес қосқан еді. «Туған жерге туыңды тік» дегендей, бүгінде ауданымызда қолы ашық атымтай жомарт жандар өздері туып-өскен ауылдардың өсіп-өркендеуіне ерекше атсалысып келеді. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, игілікті іс-шаралардың басы-қасынан табыла білген кәсіпкерлердің арқасында, олардың тікелей араласуымен ауданымызда дала данышпаны Құнанбай қажыға, ұлы ақын Абайға, батыр бабамыз Мамайға, әнші Жәнібекке, кемеңер Әнет бабаға, көсем Кеңгірбай Би-атаға, данагөй Шәкәрімге, жырау Ақтамбердіге, қазақ киносының анасы Әмина анамызға зәулім ескерткіштер орнатылды.  «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Тоқтамыс батырдың ескерткішіне де қомақты қаражат құямыз,  игілікті іске үлес қосамыз деген азаматтар қатары бұл жолы да белсенділік танытуда.  Форум аясында аудан әкімінің орынбасары Еділбаев Марат Сейітжағпарұлы  форумға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. Лэд экраннан аудан көлемінде кәсіпкерлердің көмегімен салынған ғимараттар, нысандар мен ескерткіштер көрсетілді.  Бұдан соң сөз кезегі аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Белібаев Ардақ Сағадиұлына беріліп, макеттегі атқа мінген Тоқтамыс  батырдың  қолына ту ұстап елінің айбары болып тұрғандығын  мақтанышпен тілге тиек етіп, Нұрболға сәттілік тіледі.  Өз кезегінде сөз алған Тоқтамыс батыр ескерткішінің авторы, ауданымыздағы Құнанбай қажы, ұлы Абай ескерткіштерін жасаған кәсіпкер жерлесіміз, мүсінші Нұрбол Қалиев ескерткіш жайлы өз ойын білдіріп өтті. Ескерткіш құны 37 млн теңге.  Астындағы тұғырымен қосқанда жалпы биіктігі 11 метр болмақ.  Қоладан құйылады. Қолына ұстаған туының өзі 1 келі, тұғыры табиғи тастан жасалады.  Тас мүсінге жан бітіре сөйлеткен, келешек ұрпаққа аманат болып қалардай патриоттыққа тәрбиелейтін осындай азаматтарымыз барда елдіктің  рухы мәңгі биік бола бермек. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының «Құрметті азаматы», ақын Төлеген Жанғалиев «Үлкен шараға жиылып отырмыз, Баба рухына 1993 жылы кесене тұрғызылды, енді міне, егемендіктің арқасында ауданымызда батыр, би бабаларымызға арналып ескерткіштер тұрғызылып жатыр»,-дей келе Тоқтамыс батырға ескерткіш орнатуға бастамашы болған  Төлеубек Аманғазыға, қолдау көрсетіп мұрындық болған аудан әкімі Жарқынбек Борашұлына және мүсінші  Нұрбол Қалиевке ақжарма алғысын  білдірді. «Көп түкірсе көл болады» демекші, аудан әлеуетін бірге көтерісіп жүрген жүрегі жомарт, мәрт кәсіпкерлерге де шексіз ризашылығын жеткізді. М.Ибраев атындағы ақындар сыныбының шәкірттері  кәсіпкер аға-апайларына арнап жырдан маржан төгілтсе, «Қаламқас» ансамблінің әншілері әннен шашу шашып, ел көңілін бір серпілтіп тастады. Форумда сөйлеушілер қатары мол болды. Тұлғасы батыр, сөзі ақын, қолы алтын, атымтай жомарт жандар қатарынан Әбділдин Ораз Ақанұлы  игілікті іске 5,5 млн қаражат құятындығымен қуантса, «елім, жерім жеген әр азаматтың парызы» деп тебірене сөз алған Тоқтамыс батыр ұрпағы Несіптай Нұрымхановтың жолдасы Тұрсынжамал да қомақты үлес қосатынын жеткізді. Ұрпаққа ұран болған Тоқтамыс бабамыздың кесенесін тұрғызу жолында сол кездегі ауыл басшысы Әбдіғалым Мұздыбаев ағамыз бастап, Маңғыстаудың ақ тасынан еңселі мазарды салысуға атсалысқаны барша жұртқа мәлім. Бүгінде ағамыздың ісін жалғап, Ресей федерациясында жүрсе де телефонмен хабарласып, батыр ескерткішіне 5 млн теңге қаржы құюға ниет білдіріп отырған  ұрпағы Асхат Мұздыбаевқа ел дән риза болды. Сондай-ақ, сол кезде Тоқтамыс баба кесенесіне  500 бас қой үлес қосқан Ақан Әбділдин ұрпағы Ораз ескерткішке 5,5 млн теңге қаржы құйды. Ауданымыздың құрметті азаматтары, ұзақ жылғы еңбек жолдары аудан өмірімен біте қайнасқан Төлеубек Аманғазы, Майдан Мұқанов сынды ел ардақтылары өз үлестерін қосып отырғандықтарын алға тартып барша аудан азаматтарын атсалысуға шақырды.  Сонымен қатар  ауданымызға белгілі кәсіпкерлер «Дінмұхамед»  шаруа қожалығының басшысы Оразалин Шаған 3 млн, Төлепқазин Мархаббат 1 млн,  Дінсләмұлы Нысанбек 1 млн қаражат құймақ.  Жікенов Амангелді, Қабләшімова Бақыт, Бимадиев Оспан, Мұхтаров Дәулет, Көкебаев Айдар,  Сұлташев Айдын  да баба рухы қолдасын деген тілекпен өз үлестерін қосатындықтарын  нық сеніммен жеткізді.

Батыр ескерткішіне қомақты қаржы қосқан қолы ащық, жүрегі жомарт азаматтарға арнап әсем ән жолданған сәт те,  аудан әкімі Байсабыров Жарқынбек Борашұлының  қорытынды сөзі форумға қатысушылардың  жігерін жанып, . Форум соңында  «Ескене» шаруа қожалығының жетекшісі Рахымбаев Сейфолла Абай ауданының барлық іскер азаматтарына, бүкіл халқына жаряланған  Үндеумен таныстырып өтті. Осылайша, елдіктің  рухы аспандап,  әр кеудеде ар мен намыс атойлаған бұл  форумнан  аудан азаматтары қанаттанып қайтты.