Бану әжей –әминәнің нақ өзі

Ауданымызда өтіп жатқан ауыл, мекеме күндері байқауы күн өткен сайын мейлінше тартымды бола түсуде. Ақпан айының 21-і күні  ауданымыздағы ең іргелі, тірек ауылы саналатын, сары  қымызымен әйгілі  Саржал ауылының көркемөнерпаздарының концертін тамашалауға жолға шықтық. Ауылдың мәдениет үйінің концерт залында ине шаншарға жер болмады. Ауыл тұрғындарымен қатар көршілес ауыл әкімдерінің келіп қатысуы сыйластықты аңғартса, өнерге деген  құрметті де сезіндірді.

Сахна шымылдығы үш бөлімді «Өмірім-өнегем» тақырыбымен  кино әлемінің анасы атанған Әмина Өмірзақова апамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған пьесамен ашылды. Пьесаның авторы Ернұр Әзімбаев пен  мектеп директоры Ерлан Ақбергеновке тамаша мағыналы туындысы үшін алғысымызды білдіреміз. Әминаның балалық шағы, кино әлеміне алғаш қадам басуы, кинодағы үздік кейіпкерлері, барлығы да аса бір шеберлікпен суреттеліп, ауыл өнерпаздарының ұшқыр ойлы өнер майталмандары екендігін  тайға таңба басқандай айқын аңғартты. Саржалдықтар театрландырылған көрініс арқылы қазақ анасының қандай болатындығын, Әмина апамыздың жарқын да актерлік шеберлігін паш ете білді десек, артық айтпағандығымыз. Себебі  образды толық аша білді. Әмина Өмірзақованың рөлін сомдаған  ардагер ұстаз Бану Теміроваға көрермен қошеметі мен ықыласы ерекше болды. Көріністі сахналаған Серік Ыбырай, Рысалды Қарабаева, Мөлдір Тұрысбек, Мұрат Жұмабаев, Алмагүл Баякенова т.б өнерпаздарға  халық дуылдата қол соқты. Расында да, шынайылықтың иісін аңқытқан  саржалдықтар өнері қазылар алқасының да биік талғамынан шығып, таңқалдырды. Әсіресе, Бану Темірова әжеміз сахнаға жарқ етіп  шыға келгенде  Әмина Өмірзақованың нақ өзін көргендей әсерде болғандығымыздың өзі бір тарихқа бергісіз оқиғаға айналғандай ма дерсіз!  Фотопортреттерді көрсетіп өз өмірін әңгімелеу  арқылы актрисаның сөйлеу мәнерін, жүріс-тұрысына дейін айнытпай көрсете білген Бану әжейді Әмина Өмірзақованың нақ өзі деп атауымыздың өзіндік себебі де дәлелі де осы болмақ. Әнші Альмира Қасымсейітованың орындаған  «Ана туралы аңыз»  әні көріністі одан әрі ажарландырып жіберді. Саржал халқы қашанда  кішіпейілдіктің, парасаттылықтың айнасын  паш етіп келеді. Әмина Өмірзақованың туысы, туған немере сіңілісі Ибраева Бақыт апай  өнерпаздарға шашу шашып, сый- құрмет  көрсетті. Саржалдықтар Елбасының  «Жастар жылы»,  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын да композициялық көрініс арқылы халық жүрегіне  әдемі жеткізді.Тіпті жүргізушілердің «Арнау» өлеңі де композициялық көрініспен көркемделіп өрілді. Сән-салтанаты келіскен  фольклорлық ансамбльдің «Түрікмен күйі» ел көңілінен шыққандығы сөзсіз.Әнші ұстаз С.Жұмасиянованың шырқата салған халық әні «Дей салдым», Жанар Оразбекованың «Ана», ардагерлер ансамблінің «Сағындым Сарыарқаны» әндері үздік нөмірлердің қатарын толықтырды. Ә.Сәкенова дайындаған «Әсем-ай» бишілер тобының «қазақ», «орыс», «регги-хип-хоп» билері  сахна сәнін келтірді. Қыздар акапелласы «Әнің қайда, Жәнібек» әнімен және «Жауынгер сапқа тұр» әнін шырқаған балалар хоры Ратаева Маралдың дайындауымен керемет әсер қалдырды. Патриоттықтың озық үлгісін танытқан жас ұрпақ өнері тіптен тамаша. Ернар Әмірғазин мен шәкірті «Кербез сұлу» күйін  күмбірлете  кәсіби шеберлікпен шебер ойнаса, аспаптық шығарма бойынша Балғын Смаилова халық әні «Илигайды»  қыл қобызда  нақышына келтіре орындады. Е.Қайназаровтың орындаған «Туған жер», Сексенбаевтар жанұялық ансамблі орындаған «Қамықпашы аяулым» әні  жүрек қылын шерткені хақ. Қадыр Асхаттың дайындаған эстрадалық топтың өнері ауыл әкімі Қайранбаев  Талғат Жанатұлының гитара аспабында ойнауымен ерекше әсер қалдырды.  Жастар да әзілден сыбаға тартты. Жігіттер триосының орындаған «Даналарым» әні  де үш дауыста құлық құрышын қандырды.  Алаштан ән оздырған дүлдүл әнші жерлесіміз Жәнібек Кәрменовтің  толғауын орындаған Жұмабек Әліпбаевтың өнеріне сүйсінбеген жан болмады. Саржал ауылының көркемөнерпаздары концерт соңын Е. Әзімбаевтың «Мәңгілік ел- Қазақстан» әнімен асқақтата тәмәмдады.           

Түйін. «Ел іші-өнер кеніші» демекші, Саржал ауылы көркемөнерпаздарының  концерттік бағдарламасын  тамашалаған біз эстетикалық  талғамды,  кәсіби орындауды шеберлігін байқадық. Сахна киімдерінің түрлілігімен, жаңашылдық идеяларымен де тамсандырды.  Саржал ұстаздары қолөнер көрмесін де келсітіріп қойыпты. «Рухани жаңғыру» тақырыбында балалардың қолөнерлері, ұлттық киімдер мен бұйымдар, қазақтың ер- тұрманы, ат әбзелдері ереке шеберлікпен жасалған екен. Бұл ретте технология пәні мұғалімдері Мұқанова Айгүл, Қарлыға Саурабаева, Серікбол Байдүйсенов, Болат Қысатайұлының еңбектерін атап өткен жөн.