Медеуліктердің өнері мерекелік көңіл күй сыйлады

Медеу ауылында соңғы уақытта болып жатқан оң өзгерістер мен жақсы жаңалықтарды ел қуана құптауда.

Соның бір дәлеліндей, талай рет байқаудан жүлделі орын алып келе жатқан Медеулік өнерпаздар осы жолы да өздерінің өнердегі бұрыңғы үрдісінен айнымайтын жақсы өнер көрсетті.

Сахналық киімдері ерекше көз тартқан жүргізушілер кезек-кезек сөз алып, байқау тақырыбын ашатын әсерлі өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, сахна шымылдығын ашып берді.

Одан соң, Медеу ауылы мен Медеу мектебінің арғы тарихына арнап арнайы жазылған қаламгер жазушы ағамыз Ә.Мырзақасымның «Медеудің ақ мектебі» атты шағын пъесасы қойылды. Пъесада Алаш қайраткерлері С.Торайғыров, А.Байтұрсынов, Тұрағұл Абайұлы, Медеу Оразбаев сынды тарихи тұлғалар бейнесі көрсетілді.

Айта кеткен жөн, сахналық қойылым, арнайы киім, грим, бояу, театр жабдықтарымен көрініс тартымды бола түсті.

Фольклорлық ансамбль орындауындағы «Ерке сылкым» күйі мен осы ансамбль сүйемелдеуімен Ж.Әймішов орындаған «Дей салдым-ай» халық әні көрермен көңілінен шықты.

Байқау шартына сай, ұсынылған қыздар тобының «Шыңғыстау вальсі» ардагерлер шырқаған «Қайықта», ұлдар триосы орындаған «Керім айдай» әндері мен Күнбазаровтар жанұясы орындаған «Әгугай домбыра»  әні көрермен ризашылығын тудырды.

Ал, мектеп оқушыларынан құрылған балалар хоры «Қазақстан елдің аты» әнін асқақтата шырқатса, Ж.Кәрменовтың «Толғау» термесі Қ.Мұқатаевтың орындауында сәтті шықты.

Ұстаз шәкіртімен номинациясы бойынша ұстаз Ләйлә Әділбаева, өз шәкірттері Е.Бауыржанов, Жетпіс Әли, Н.Ақтайлаковалармен бірге шығып «Аққу арман» әнін мәнерімен, сәнімен орындады.

Бойлары бірдей боп сымдай тартылған сұлу қыздардан құрылған бишілер тобы «Қазақ биі» «Орыс биі» «Буги-буги» билерін орындап көрермен көзайымына айналды.

Билерді дайындап,Медеуліктер өнеріне ерекше үлес қлсқан мектеп мұғалімі Алмира Боранжанованың еңбегіне рахмет айтқан жөн.

«Буги-буги» биі арқылы жатаханаға қалыңдық іздеп келген Әмина апамыздың бейнесін Қасымсейітова Жанагүл апайымыз жарқырата көрсетті.

Мәдениет пен өнерге бір табан жақын ауыл азаматтары М.Тұрғанов, Қ.Темірбекұлы, Е.Бауыржановтар орындаған «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»атты әзіл оспақ елді бір тәтті күлкіге бөледі.

Ауыл өнерінің бастаушысы, тамаша музыкант Е.Қабышовтың орындауындағы Л.Манчестердің әуезді әуені ерекше шабытпен шықты.

Тағы бір ерекше номер «Мерекеге тарту» деп аталып, оқушылар түрлі акробатикалық спорттық қимылдар арқылы «Мәңгілік ел» «Рухани жаңғыру» «Ұлы даланың жеті қыры» атты жазуларды бейнелеп, Алтын адам, Алматы алмасы, дала қызғалдағын алып шығып, концертке ерекше мазмұн берді.

Ауыл өнерпаздары хорға тұрып «Отаным-менің Қазақстан» әнін асқақта шырқатып, концерт көңілді күймен аяқталды.

Сондай-ақ, клуб үйінің кіре берісіне Ә.Құсайынова, М.Дүйсенбеков, А.Арыстанбековалардың ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының қол өнер бұйымдарының көрмесі өткізілді.

Медеу ауылына  қарасты Қ.Өзбехановтың «Айбар» шаруа қожалығының сүт өнімдері қойылды.

Концерт соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі Е.Оразалин Медеуліктер өнеріне лайықты баға беріп, ауыл әкімі Р.Жақсылықов пен мектеп директоры С.Кәріпжановтардың біріккен еңбегіне ризалық білдірді.