Аудан мақтаныштары Жастар форумында мараптталды

«...Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда. Мен жастарға сенемін», - деп жиырмасыншы ғасырдың басында жастарды жырына арқау еткен ақын Мағжан Жұмабаевтың жалынды сөздері жыл өткен сайын керісінше салмақтана түскендей. Себебі, елдің баянды болашағы, тегеурінді тұғыры сол елдің жастарының қолында. Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында айтылған жыл еншісін жастар жылына арнауы да жастар саясатына серпін берді. Жастарға артылған жігер мен сенім оларға жанды қолдау сыйлады.

Ақпан айының 27 күні «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ауданымызда Жастар жылының ашылу салтанатына орай «Ел ертеңі – жастар» атты аудандық Жастар форумы болып өтті. Шараға өздерін түрлі салада шыңдап, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде танытып, аудан абыройын асқақтатып, ел мерейін үстем етіп жүрген Абай ауданының айбынды жастары арнайы шақырылды. Олар қатарында, Ақмола облысы бойынша «Үздік педагог» атағы мен медаль иеленген Айжан Төлеубекқызы, 2015 жылы өткен Еуразия барысы, Қазақ күресінен Халықаралық Дәрежедегі Спорт Шебері, Дзюдо күресінен спорт шебері Айдос Сейпілұлы, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері, 2017 жылы «Аңсар» әдеби сыйлығының лауреаты Нұржан Байтөс, Л.Н.Гумилев университетінде өткен республикалық «JJ Gup VI» дәстүрлі пікір сайыс турнирінің жүлдегері Молдақашев Қуаныш, 2017 жылы Австрияда Еуропа кубогінің жеңімпазы, 2018 жылы дзюдо күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнирдің ІІ орын иегері Қуан Барыс, әскери бөлімге 20 жыл мерейтойлық медаль иегері Айдос Маратұлы, «Жігіт сұлтаны - 2018» облыстық сайыс жеңімпазы Үркімбаев Айдос, 2016 жылы өткен ХІХ Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломаты Арман Шеризатов, Шәкәрім университетінде өткен «Шәкәрім барысы» турнирінің жеңімпазы Құмаров Сұңғат, Үрмелі және соқпалы аспаптар арасындағы өткізілген Республикалық конкурсының Тромбон номинациясы бойынша лауреаты Олжас Аманбаев, ҚР-ның 2 дүркін чемпионы, Болгария мемлекетінде өткен, халықаралық жарыс чемпионаты, ҚР-ның Спорт шебері Қабдешов Тимур, Ережесіз жекпе-жектен ересектер арасында Абай ауданынан тұңғыш шыққан ҚР-ның спорт шебері, Кикбоксинг, У-шу санда, Джуджитцу, Панкратион, қоян-қолтық күрес, бокс, К1, ММА спорт түрлерінен ҚР мен Халықаралық жарыстардың жеңімпазы Қабдеш Құрмет, «Рахмет» Жайдарман тобы, Самбо күресінен ҚР-ның спорт шебері, 2019 жыл Беларусь Әлем кубогінің иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Жарқынбаев, «Бұл менің жүрегім» атты халықаралық мүшайраның І орын иегері Іңкәр Алтынбекқызы, ҚР турнирінің жеңімпазы, спорт шеберіне үміткер Нұрайым Назымқызы толықтырды.

Алдымен жастар орталық алаңға бағыт алып, аудан әкімі Жарқынбек Борашұлы бастатқан аудан басшыларымен Ұлы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естелік фотосуретке түсті.

Мұнан соң автокөлікпен шеру құрған ел мақтаныштары Жастар орталығында ұйымдастырылған аудан жастарының жетістіктерімен танысты. Әр сала бойынша асқақ өнерлері мен жүлделі жетістіктері паш етілген көрмеде «Jhas project» жобасы бойынша өнімдерін ұсынған жастар, этноауыл атауымен ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары, білім, спорт, жасыл ел, дебат үйірмелері бойынша бағындырған белестері қонақтарға таныстырылды.

Аудан басшысы Ж.Борашұлы жастармен еркін диалог орнатып, жобаларымен жақынырақ танысып, білім көкжиегінен көрінген жастарды сөзге тартты. Бірауыз өлең шумақтарын арнаған жастар да табылып жатты. Ал, спорттың шыңын бағындырып жүрген саңлақтардың биік жетістіктерін көрген аудан әкімі ертеңгі әлем чемпиондарының қолдарын қысып, болашақтарына сәттілік тіледі.

Жастар орталығына арнайы келген Жарқынбек Борашұлы орталық тарапынан жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Мәселен, «Jhas project» жобасы бойынша арнайы грант ұтып алған жастар орталықта фотостудия, дыбыс жазу орталықтарын ашып, алдағы уақытта той ұйымдастыру кештерін де жасайтындықтарын жеткізді. Жастардың жанды жұмыстарын көзімен көрген аудан әкімі істеріне оң нәтиже тіледі.

Түстен кейін Жастар форумы мастер класспен жалғасты. Әр саланың үздіктері 4 бірдей мекемеге бөлініп, мектеп оқушыларымен жүздескен олар өз жетістіктерімен ортақтасты. Алдымен Абай мектеп- лицейіне арнайы барған Айжан Төлеубекқызы мектеп оқушыларымен кездесті. Кезінде аталған оқу ордасын тәмамдаған кешегі түлек, бүгінгі білгір маман оқушыларға өз тәжірибесімен бөлісті. Ал, халықаралық дәрежеде биікті бағындырып жүрген спорт саңлақтары аудандық спорт мектебінде болып, жас спортшылармен мастер класс өткізді. Аудан мақтаныштарының бірі қаламы жүйрік ақын Арман Шеризатов пен Хамида Саметова өздері түлеп ұшқан білім ошағы Қарауыл гимназиясының оқушыларымен кездесіп, оралымды ойларымен ортақтасқан ақындар мектеп түлектеріне тілегін арнады. Өнер саласының майталманы Олжас Аманбаев Ж.Кәрменов атындағы Саз мектебінің тәлім алушыларымен жүздесіп, шынайы пікірлерімен сыр алысты.

Әрбір мекемелерде өткен мастер класстардан кейін аудандық Мәдениет үйінде Жастар Форумының салтанатты шарасы жалғасты. Алдынғы қатарға жайғасқан аудан мақтаныштары кеште құрметке бөленді.

Аудан басшысы Ж.Борашұлы форум қатысушыларын салтанатты түрде ашылған Жастар жылымен құттықтап, аудан мақтаныштарына алғыс хаттар табыс етті.

-Ардақты ағайын! Құрметті жастар! Форумға қатысушылар! Әлем әдебиетінің үш классигін тудырған, әні мен сәні жарасқан тарихи өңір Абай елінде бүгін үлкен қуанышты күн. Қойнауы сырға толы, баурайы өлең мен жырға толы киелі мекен Шыңғыстау жерінен түлеп ұшқан талантты ұл- қыздары келіп туған жеріне тағзым етуде. Баршаларыңызды биылғы жастар жылына орай өткізіліп отырған «Ел ертеңі-Жастар» атты форумның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын,- деп атап өтті аудан басшысы Ж.Байсабыров.

Кешке арнайы келген аудан мақтаныштары құрметпен ортаға шақырылып, жетістіктері  ел алдында паш етіліп, марапатқа бөленіп, мерейлері тасыды. Жастар атынан құттықтау жылы лебізімен ортақтасқан ақын Арман Шеризатов шығармашылығынан жыр жолдарын арнап, тыңдарманын сүйсінтсе, облыстық «Жігіт сұлтаны» сайысының бас жүлдегері Айдос Үркімбаев көрерменін өнерімен тәнті етті. «Жас проджект» жобасының қатысушылары өнерлерін ұсынса, жас ақын Хамида Саметова сахнаны өлеңімен көмкерді. Республикалық жоғары лигада бақтарын сынап жүрген Абай ауданының құрамасы «Рахмет» жайдарман тобы көрерменін күлкіге қанықтырды.

Кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, аудан жастарының өнерлері паш етілді.