Бәрекелді! Білім биігінен көрінген гимназистер

Бұл жылға Елбасы «Жастар жылы» деп ат қойып, айдар таққалы бері ізгілікті істердің қарасы көбейді. Жастардың жан-жақтан сауатын ашып, көкірек көздерін оятар түрлі сайыстар мен тартысқа толы додалар өткізілуде. Ел құлағына «Жастар жылы» деген сөз жылы естілгені рас. Ал, біз үшін биылғы жылды «Гимназия жылы» деп атауға әбден лайық.

Аудандықты атамағанда, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда сыналып, ел абыройын асқақтатып, Абай жерінің атағын аспандатып жүрген дарынды оқушыларымыз тағы бір белесті бағындырды.

Өскемен қаласы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік университетінде облысымыздың әр аудан, қалаларындағы 10-11 сынып оқушыларының арасында өткен «Парасат» зияткерлік сайысына қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленіп келді. Болашағымыз жарқын болу үшін өткен өмірді, тарих беттерін ақтарып, біздің ел осы бейбіт, тәуелсіз күнге қалай қол жеткізгенін ұрпақ санасына сіңіріп, жастардың тарихи сауатын ашуға бағытталған іс-шаралардың болғаны көңіл қуантады.

Сайыс «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынының шарттары тәрізді өтті. 5 оқушыдан құралған жиыны 14 топ қатысқан сайыс тартысты өтті. Іріктеу кезеңіндегі білімбәсекесінен екінші кезең, яғни шешуші кезеңге 6 топ өтті. Соның ішінде біздің оқушылардан құралған «Тарих тарландары» тобы да бар. Топ мүшелері: 11-сынып оқушысы Уәлибекова Перизат, 10-сынып оқушылары: Скежанов Арман, Дүйсенғалиұлы Ерзат, Белгібаева Зарина

Оралханова Жанель.

«Оқу, білім біз үшін басты қару,

Сол арқылы биікке самғап әлі,

Көрінеміз шыңдардың төрінен біз» - деп ұрандатқан гимназистер білім шыңынан көрініп, екінші кезеңде де ұшқыр ойларымен, терең білімдерімен танылып, оқ бойы озық болып өзге оқушыларға тарихтың тарландары екенін дәлелдеді.

Оқушыларымыздың әрқайсысы мақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен қоса, Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің 50 пайыздық білім грантын жеңіп алды. Кеуделерін қуаныш кернеген білімді шәкірттеріміз ұстаздарының үмітін ақтап, сеніміне секем келтірмеді. Гимназия оқушылары кез келген жерде маңдайлары жарқырап, қандай сайысқа салсаң да талаптарымен, таланттарымен оза шауып, жүлдегер атанады. Тарих майданына оқушыларды дайындап, бар білімді шәкірт санасына сіңіре білген ұстаз еңбегін айтпасқа болмайды. Ауданымыздағы мықты тарихшы ұстаз Абламбаева Тоғжан Мақсұтбекқызының еңбегі зор. Талай оқушымен бірге талай майданға аттанып, жеңіс төрінен көрініп жүрген Тоғжан ұстаздың бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін де облыстық, республикалық білім сайыстарында тарихтың түп тамырын жетік меңгеріп, оқушыларын  сарқылмас білім нәрімен сусындата білгендігінің арқасында жеңіске жеткен ұстаз, білікті маман.

«Парасат майданына» түсіп, жеңіспен келген гимназистеріміз оқуда озат болатынына кәміл сенімдіміз. Аяулы ұстаз Тоғжан Абламбаева алда да білім биігінен көрінер шәкірт тәрбиелеп, құшағы гүлге, жүрегі елдің берген ақ батасы мен ізгі ниетіне тола берсін.

Шығармашылық табыс пен жеңісті күндер алда да гимназияның әр ұстазы мен әр оқушысын кең құшағына ала берсін!