Жедел медициналық жәрдем көмегі туралы

2017 жылдың 3 шілдесінде шыққан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № 450  «Қазақстан Республикасында жедел медициналық жәрдем көрсету тәртібін бекіту туралы» бұйрығы  күшіне енді.

Мерзімді медициналық көмектің екі түрі болады – шұғыл және жедел.  Шұғыл көмек пациенттің өміріне қауіп төнген жағдайда көрсетіледі. Жедел көмек өміріне тікелей қауіп жоқ, бірақ аурудың асқынған сатысында, адамға мүмкіндігінше тезірек көмек керек болған жағдайда көрсетіледі.  Көмектің бұл екі түрін де «Жедел жәрдем» қызметі көрсетеді.

Жедел жәрдемнің негізгі міндеті – ары қарай емделуге қатысты ешқандай ұсыным бермей, тек асқынған аурудың (жағдайдың) бетін  қайтару (яғни, сырқат белгілерін жеңілдету немесе ауруханаға жеткенге дейін пациент өмірін сақтау). 

Шұғыл медициналық көмек – аяқасты қатты ауыру, жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы, созылмалы сырқаттың асқынуы кезінде адам өміріне немесе денсаулығына төнетін қауіпті жою үшін жедел медициналық араласуды қажет ететін медициналық көмек түрі.

Жедел медициналық көмек – аяқасты қатты ауыру, жарақаттану, денсаулығының күрт нашарлауы, созылмалы сырқаттың асқынуы кезінде адам өміріне немесе денсаулығына төнетін қауіп белгілері болмаған жағдайда көрсетілетін медициналық көмек түрі.

Медициналық көмектің тағы бір басқа түрі – жалпы практика дәрігерлері үйге келіп көрсететін көмек түрі,немесеалғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) . Жедел медициналық көмек көрсетуден бөлек, олар терапиялық тактиканы анықтап, сырқат сауығып кеткенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстайды. Қажеттілігіне қарай дәрігер бірден талдама алып, ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдауы мүмкін. Егер адам қандай да бір созылмалы сырқатпен ауыратын болса, ондай науқастың қолында талдамалары мен алдыңғы емделу кезіндегі  аспаптық зерттеулердің деректері болғаны дұрыс.

 Жедел медициналық жәрдемге санитарлық авиация да кіреді және сол қызметтерді ұсынады.  

Санитарлық авиация   пациенттұрған мекен-жайдағы медициналық ұйымда тиісті біліктілігі бар мамандар болмаған жағдайда, тиісті медициналық  ұйымға әуе және жерүсті көлігімен тасымалдау қажеттілігі туындаған жағдайында   көрсетілетін медициналық көмек түрі.

2017 жылдың 3 шілдесінде шыққан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № 450  «Қазақстан Республикасында жедел медициналық жәрдем көрсету тәртібін бекіту туралы» бұйрығына өзгертулер енгізу туралы ҚР ДСМ 8.01.2018 жылғы № 2-ші  және ШҚО ДСБ 28.01.2019 жылғы №35 бұйрықтарын негізге ала отырып Абай аудандық орталық ауруханасында 03.03.2019-дан бастап жедел жәрдем бөлімі барлық жедел жәрдем медицина қызметкерлерімен, жедел жәрдем көліктерімен қоса Семей қаласының  жедел медициналық көмек станциясына ( ССМП ) ауыстырылды. Егер сіздер 103 арқылы шақыру жасасаңыздар шақыртуды Семей қаласының  жедел медициналық көмек станциясы қабылдайды.

Шақырту бойынша жұмыс уақыты ЖМЖ диспетчері шақыртуды алған сәттен бастап оны ЖМЖ бригадасына қызмет көрсетуге бергенге дейін 5 минутты құрайды.

Шұғыл және жедел медициналық жәрдем бойынша шақыртулардың жеделдік санаттары.

Барлық шақырту себептері жеделдіктің 4 санатына бөлінеді:

1) 1жеделдік санатындағы шақырту себебі – пациент өміріне тікелей қауіп төндіретін, тез арада медициналық көмекті қажет ететін жағдай.  Жедел жәрдемнің келуі – 10 минутқа дейін.

2) 2 жеделдік санатындағы шақырту себебі – медициналық көмексіз пациент өміріне әлеуетті қауіп төндіретін жағдай.  Жедел жәрдемнің келуі – 15 минутқа дейін.

3) 3 (үшінші) жеделдік санатындағы шақырту себебі – медициналық көмексіз пациент денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін жағдай.  Жедел жәрдемнің келуі – 30 минутқа дейін.

4) 4 (төртінші) жеделдік санатындағы шақырту себебі – науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төнбеген, күтпеген немесе байқалған ағзалар мен жүйелердің бұзылыстары жоқ, қатты ауыру немесе созылмалы аурулардың асқыну жағдайы. Жедел жәрдемнің келуі – 60 минутқа дейін.

Пациент жағдайын бағалау және медициналық көмек көлемін анықтау мақсатында ЖМЖ бригадалары 3Н – жүйе (Триаж – жүйе) бойынша медициналық сұрыптау жүргізеді. Жедел медициналық жәрдем көрсету үш деңгейге бөлінеді:

1) қызыл деңгей – жедел медициналық жәрдем деңгейінде қызмет көрсетілетін 1-2 жеделдік санатындағы шақыртулар жатады;

2) сары деңгей – жедел медициналық жәрдем деңгейінде қызмет көрсетілетін 3 -шіжеделдік санатындағы шақыртулар жатады;

3) жасыл деңгей – АМСК кезінде ЖМЖ деңгейінде қызмет көрсетілетін 4-ші жеделдік санатындағы шақыртулар жатады.

4-ші  жеделдік санатындағы шақырту себебі – науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төнбеген,  қатты ауыру немесе созылмалы аурулардың асқыну жағдайы болғандықтан , мұндай жағдайда жалпы практика дәрігерлері үйге келіп көрсететін көмек түрі , немесе алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) .