Күмбір күй мен әсем ән асқақтаған күн

Биыл  ән дүлдүлі Жәнібек Кәрменовке -70жыл.Айтулы мерейтойға орай аудан көлемінде түрлі-іс шаралар  ұйымдастырылып ауыл мекеме күндері өтуде. Сондай игі шаралардың бірі Ж.Кәрменов атындағы саз мектебінің «Ұлы дала ұлағаты» атты байқаудан тыс концерті.

Жалпы саз мектебіне әнші Ж.Кәрменовтың  аты сонау 1994 жылы беріліпті.Содан бері жерлес әншінің атын арқалап келген саз мектебі түрлі байқау, конкурстарда топ жарып, мектеп атын асқақтатып жүр.Аудан төрінде қандай концерттік шаралар болмасын осы саз мектебінің мұрындық болуымен іске асып жатады.

Әбден сахнаға төселген саз мектебінің өнерпаздары бұл кезекті концертті де жоғары деңгейде өткізді.Лық  толы зал, көтеріңкі көңіл күй, барлығы тек сахна шымылдығының ашылуын асыға күткендей.

Міне, сахна шымылдығы айқара ашылды. Саз мектебінің директоры Зағипа Айтқазықызының дирижерлығымен «Шыңғыстау» ұлт аспаптар оркестрі  Түркештің «Көңілашар» күйін нақышына келтіре орындап, көрерменді бір серпілтіп тастады.Кеште халық әндері, қазақ және шетел сазгерлерінің күйлері мен авторлық шығармалар орындалды.Фариза Жұманқызының  жеке дауыста орындаған  М.Ыбырайұлының әні мен сөзіне жазылған «Көңіл көктемі» әні сәтті шықса, Джеймс Ластың «Одинокий пастух» шығармасын Қанатұлы Бейбарыс  флейта аспабында ойнап,талайды таңдай қақтырды.

Бүгінгі кештің де бір ерекшелігі, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұлттық аспаптарды дәріптеп, кейінгі жастардың  өнерге деген қызығушылығын оятқандай  болды.

Көне шертер аспабында  румын халқының  «Жаворонок» шығармасын Нүкенова Гүлім ырғақты әуенмен орындап берсе, Н.Тілендиевтің  «Аққу» күйін  Нұрымханова Диана  жетіген аспабында тарту етті.Естігенді елең еткізіп, елітіп әкететін жетіген аспабының сиқырлы үні тыңдарманды бірден өзіне баурап алды.  

Қадыр ақынның: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп жырлауында терең мағына бар. Одан төгілген күй мен әуезді әуеннің өзі үлкен әңгімеге арқау бола алады.Бұл кеште қара домбыраның  шанағынан небір күйлер төгілді.Үш домбырашы Советханұлы Елдос, Нұрымханова Диана және Қапан Есболдың  ерекше күй тартыстары беубеулеп, қиқуға салдырғандарына  қарағанда, жиналған халықты шабыттандыра түскені анық.Дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген қасқабұлақтық Қабыланов Қанатқан Жәнібек Кәрменовтің  «Толғау» термесін шырқау шегіне дейін жеткізе орындап, тыңдарманын рухтандырса, жігерлендіре түссе,сол сәтте экран арқылы бейнеленген Ж.Кәрменұлы  жайлы видеороликтер бұл термені одан әрі әсерлей түсті.

Заманы өзгерсе де, ұлтқа төнген қатер тұрғысында мазмұны өзгеріссіз тарихпен қайта келген сол оқиғаның ұранына айналған бір ән бар. Ол Ақын Ұлықбек Есдәулет пен композитор Төлеген Мұхамеджановтың туындысы «Заман-ай» әні ,  бүгінде тағдыры ортақ алыстағы  жапон елінде де шырқалып жүр.Осы кеште көз жаспен дүниеге келген «Заман-ай» әнін  ұстаз  Мырзаханова Нұржан жүректерге жеткізе орындап, тыңдарманның  жанарына  еріксіз жас үйірілді.

Әннен кейін кезек биге де келді.Кішкентай мыңбұралған  биші қыздардан құралған «Өрнек» бишілер тобы «Мысық пен тышқан» биін тарту етіп, көрерменді күлкіге қарқ қылса, осы топтың «Джаз», әсіресе «Чунга-чанга» биі де өздеріне шақ тігілген киімдері үйлесім тауып, халықты тамсантпай қоймады.

Ерекше қоңыр даусымен «Қобызым» әнін  Семейбаев Сымбат әннен шашу шашса, қобызшылар ансамблі  аспаптық шығармалардан попури орындап отырғандардың ыстық ықыласына бөленді. «Сен әдемісің» әнін Советханұлы Елдос пен Жұманбаева Айғаным  дуэт болып шырқап ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұл кеште акапелла жанрын да Абайдың «Желсіз түнде жарық  ай» әнін жігіттер квартеті төрт дауыста шырқаса, жанұялық ансамбль  болып өнер көрсеткен осы мектептің ұстазы Фариза Сахариева   қызымен және анасы Нағия Бұланбаева қостап А.Зацепиннің «Мама» әнін орындап тамаша өнер көрсетті. «Большая стирка», «Восток» билерін  тал шыбықша бұралған «Қызғалдық» тобының биші қыздарының  өнері  ерекше болды.  Кеш барша концертке қатысушылардың орындауындағы  «Мәңгілік ел, Қазақстан»  әнімен қортындылады.

Кеш соңында сөз алған  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Оразалин  ұжымға үлкен алғысын айтты. Саз мектебінің басшысы Зағипа Айтқазықызына, орынбасары Меруер Қамбароваға, би қоюшы хареографтар Зайра Карибжанова мен Мөлдір Искакованың еңбектеріне ерекше рахмет айтты.