Әминә образы таланттар талғамында

27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Абай аудандық мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр қайраткері Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған «Ана образы-Әмина» атты І аудандық «Халықтық театрлар» мен «Халықтық» атаққа үміткер өнер ұжымдары арасында конкурс өтті.

Байқаудың мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында театрлардың мәдени байланысын арттыру, тәжірибе алмасу арқылы шы­ғарма­шы­лық ізденістерін дамытып, Отан­­дық репертуарларын қалыптастыру. Сондай-ақ, «тағылым айнасы саналатын театрдың» заманауи сахна­лық үрдісін нығайту,жастарды өнерге, отансүйгіштікке тәрбиелеу арқылы еліміздің болашағын қалыптастыру.

Әмина апамыздың 100 жылдығына арналған бұл конкурста халықтық атағы бар 3 театр және «Халықтық» атағынан үміткер 1 театр ұжымы өз өнерлерін ұсынды. Атап айтсақ,  Көкбай халық театры, Құндызды халық театры, Саржал халық театры және Архат ауылдық өнер ұжымы.

 Қазылар алқасына Абай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. Ақын, сазгер, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Оразалы Елдар Кәменұлы  төрағалық етті. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында «Абай» халық театрының алғашқы қарлығаштарының бірі, 1967 жылғы «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Еңлік рөлін сомдаушы. Ұрпақты өнер мен мәдениетке баулуда айтулы еңбек сіңіріп келе жатқан өнер иесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Бұланбаева Нағия Бұланбайқызы, «Абай» халық театрының художник декораторы болып ұзақ жыл мәдениет пен өнер саласына еңбек сіңірген өнер иесі, талантты театр суретшісі Жақынбаев Оразғали Жәкенұлы, ұлағатты ұстаз, «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының белді мүшесі, майталман өнер иесі, ардақты ана Көпжанова Сәкен Көпжанқызы, «Абай аудандық мәдениет үйінің әдіскері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Сәрсембаева Дана Амангелдіқызы болды.

Театр күніне арналған шара барысында саф өнерді жандандырып, көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтауда ерекше еңбек сіңіріп жүрген бірегей өнер иелерін құттықтау үшін қазылар алқасының Төрағасына сөз берілді. Оразалы Елдар Кәменұлы конкурстың маңыздылығын хабарлай келе театр қайраткерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, күллі өнерсүйер қауымның төл мерекесімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. «Нұр-Сана» салт-дәстүр орталығының белді мүшелері Сәкен Көпжанова және Үміткүл Төкешова шашу шашты.

Конкурсқа қатысқан 3  халықтық театр және 1 ауылдық өнер ұжымы биылғы жылдың маңызды оқиғалары  Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы және әнші, сазгер, өнер зерттеушісі Жәнібек Кәрменовтің 70 жылдығына арнайы дайындаған спектакльдерді сахналау арқылы сыналды. Мәселен, Көкбай халық театры әдебиетші, зерттеуші, драматург Әсет Мырзақасымның «Қайдасың Жәнібек қайдасың?» атты туындысын, «Құндызды» халық театры Шәкен Айманов пен Яков Зискиндтің «Тақиялы періште» қойылымын,  «Саржал» халық театры Әмина Өмірзақованың өнегелі өмір жолынан көрініс беретін Ернұр Әзімбаев пен Е.Ақбергеновтің «Өнегелі ғұмыр» атты шығармасын, Архат ауылдық өнер ұжымы Сафуан Шаймардановтың шығармашылығынан «Дөкей келе жатыр» атты қойылымын ұсынды.

Сахнаға қойылған спектакльдер арасынан қазылар алқасы «Үздік рөл», «Үздік режиссура», «Музыкалық көркемдеу» және «Үздік декорация» атты төрт номинация бойынша үздіктердің өнерін таразылай отырды. Спектакльдердің көрсетілімін бағалауда қазылар алқасы ең алдымен спектакльдің көркем безендірілуі, орындаушылардың сахналық мәдениеті мен сөйлеуі, олардың мәнерлілігі мен эмоционалдығын ескерді.

 «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің әншілері шара барысында әндерін тарту етті. Сонымен,  қазылар алқасының шешімімен «Ана образы - Әмина» конкурсының қорытындысы бойынша «Саржал» халық театры Бас жүлдеге қол жеткізіп, конкурсқа белсенді түрде қатысып, үздік өнер көрсеткені үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

І орынды – Мейрамғали Исатаев атындағы Құндызды халық театры иеленді.  ІІ-орын – Архат ауылдық өнер ұжымына,  ІІІ орын - Тайыр Жомартбаев атындағы Көкбай халық театрына берілді. 

«Үздік декорация» номинациясы бойынша «Саржал» халық театры, «Музыкалық көркемдеу» номинациясы бойынша Мейрамғали Исатаев атындағы Құндызды халық театры, «Үздік рөл» номинациясы бойынша Архат ауылдық өнер ұжымынан Талант Бекенұлы, «Үздік режиссура» номинациясы бойынша Құндызды халық театрынан Ерлан Ақбергенов марапатқа лайық деп танылды. 

Байқау жеңімпаздары аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, аудандық мәдениет үйінің дипломдарымен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталып,  мерейлері өсті. Осылайша, тұңғыш рет ұйымдастырылған байқау киелі өнерді мансұқ еткен театр таланттарының  талғамын биіктетіп, лайықты бағаларын алды.

Әмина Өмірзақова-біздің мәңгілік  қадірлейтін де, қастерлейтін де анамыз, дара тұлғамыз.  Алдағы уақытта да осындай байқаулар жалғасын таба бермек деген ойдамыз.