Ақ әжелер еңбегі ескерілді

«НұрСана» салт-дәстүр орталығының  ақ жаулықты әжелері үшін биылғы «Наурыз» мейрамы есте қаларлықтай болғаны сөзсіз.Олай деуге себеп те бар. Айтулы мерекеге орайластыра отырып, Қарауыл әкімшілігінен жаңадан жабдықталған  бөлмені қолданысқа берді.

  Еске салсақ, осыдан тұп-тура бір жыл бұрын ардагерлер орталығының ашылуы болып, лентасы қиылып, аталмыш кеште аудан басшысы Ж.Байсабыров сөз  барысында  әжелер орталығын да жаңарту ойда барын хабардар еткен болатын.Міне, көпке  ұзамай  бір жыл ішінде айтылған дүние іске асырылып, әжелер игілігіне беріліп отыр. Бөлме заман талабына сай жаңартылған.Толықтай жиһаздармен  жабдықталып,  интернет желісіне де қосылған екен.

Салтанатты шараға  аудан басшылары, ақсақалдар алқасы, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аудан әкімі, ауыл ақсақалдары болып , шара лентасы қиылғаннан кейін, жиналған  қауым аналар жайған ақ дастарханнан дәм татты. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Ж.Байсабыров  Наурыз мерекесімен құттықтап:

Ел игілігі жолында ұзақ жылдар  тынымсыз еңбек еткен қарияларымыз –асыл қазынамыз, алтын қорымыз.Елбасының «Рухани жаңғыру» игі дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулуды алға тартып отыр.Осы орайда сіздердің қоғамның белсенді мүшесі ретінде сіздердің ой-пікірлеріңіздің , ақыл-кеңестеріңіз бен  тәжірибелеріңіздің тәрбиелік мәні зор-деді аудан әкімі.

Сонымен қатар,ақын 88-ге келген ауыл ақсақалы Советқазы Ысқақ , аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Мұқажанов  көпшілік атынан ізгі лебіздерін білдіріп,  кішігірім сыйлықтарын табыстады.  Осыдан кейін «НұрСана» әжелері  әннен шашу шашып, отырғандарды бір серпілтіп тастады.

Шара соңында сөз алған «НұрСана» орталығының  басшысы Ханша Нұрғалиева  аудан басшысы Ж.Байсабыровқа, Қарауыл округінің әкімі М.Серікбосынұлына  алғысын жаудырып отырып, орталық алда да әрі салт-дәстүрімізді жаңғыртып,  жастарға үлгі-өнеге болар түрлі іс-шараларды  ұйымдастыраатынын айтып, сенім білдірді.