Құрметті жерлестер!

Қадірменді соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері!

Сіздерді Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Тәуелсіздігімізді тұғырлы да ғұмырлы ету, елдің өркендеуін одан әрі дамыту үшін ең маңызды нәрсе – Отанымыздың амандығы.

Қаншама жылдар өтсе де, маңызын жоғалтпайтын оқиғалар бар. Осындай мәңгі ұмытылмас тарихи сәттің бірі – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні. Отан үшін от кешкен ағаларымыздың ерлігі қазіргі буынға үлгі-өнеге. «Ерлік - елге мұра, ұрпаққа – ұран» - деген қанатты сөз.

Жеңіс күнінен кейін қаншама жылдар өтсе де, біз Отанының шынайы патриоты, антына адал, сертіне берік, ержүректілік пен қаһармандық танытып, майдан даласында мәңгілікке көз жұмған батырларға бас иеміз. Жауына жасындай тиіп, шабуылға шыққандарды, партизан қозғалысына қатысушыларды, тынымсыз тыл еңбеккерлерін мақтан тұтамыз.

«Біз – жеңімпаз ұрпақтың жалғасымыз» деп Елбасымыз айтқандай, отан үшін от кешкен бабалардың батырлығы – Тәуелсіз мемлекетіміздің келешегі жас ұрпақты отансүйгіштік пен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде өшпес өнеге. Аға ұрпақтың ерлігі ескірмейді.

Отан қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі ұғым болған.

«Ер – елінің қорғаны» деп бағалаған дана халқымыз ержүрек жандардың істеріне сай сый-құрмет көрсетіп келеді.

Аға ұрпақ ерлігін лайықты деңгейде жалғастырушы Тәуелсіз еліміздің отанқорғаушылары еліміздің амандығын, жеріміздің тыныштығын, шекараның беріктігін күзетуде жанқиярлықпен еңбек етуде. Олардың еңбегі бүгінгі жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісінде маңызы ерекше.

Батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі болған – Отан қорғаушы және Ұлы Жеңіс күні мерекелерінде Сіздерге мықты денсаулық, бақыт пен татулық, әрбір шаңыраққа ырыс-береке тілейміз! Ержүрек ерлеріміздің бұл мерекесі елімізге әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкелсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын!

Ж.Байсабыров

Абай ауданының әкімі

Е.Лдибаев

Аудандық мәслихат хатшысы