31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митингі өтті

31.05.2019 жыл.

31 мамыр Қарауыл ауылында Шәкәрім атындағы қуғын-сүргін құрбандары алаңында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылған митингі өтті!

Өткен ғасырда халқымыз аса ауыр қасіретке толы кезеңді басынан кешірді.

Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру арқылы келген ашаршылықтың ауыр зардабын көрді. Ашаршылықтан ес жия алмай жатып, сталиндік қанды террор мен жаппай репрессияның қасіреті төнді.

Мыңдаған қандастарымыз жазықсыз жазаланды. Айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Зұлматты жылдары 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңнан астамы атылған.

Митингі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу алаңындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, жиналған қауым саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен және ашаршылық құрбаны болған бабаларымызды бір минут үнсіздікпен еске алды!

Ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Мұқажан митингіні жүргізіп, Қоғамдық кеңесінің тұрағасы Т.Аманғазыға, «Абай елі» газетінің редакторы Ә.Мырзақасымға өз ойларымен бөлісуге сөз берді. «Қаламқас» халық би ансамбілінің әншілері ән айтып, Қарауыл гимназиясы жанындағы Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының оқушылары өлең жолдарын оқыды. Митингі соңында ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандары рухына қазақы жолмен құран бағышталды.

Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен Алаш арыстарын және ашаршылық құрбандарын еске алу, ұмытпау – әрбір ұрпақтың парызы.

Өз өмірлерін құрбан еткен арыстарымыздың өршіл рухы, отансүйгіштігі халқымыздың жүрегінде мәңгі қалатындығы сөзсіз.