Қарқаралы қаласында Абай мен оның әкесі Құнанбайға ескерткіш ашылды

29 мамыр күні Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында бой көтерген аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлымен бала Абай ескеркішінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу рәсіміне Абай ауданы атынан аудандық мәслихат хатшысы Лдибаев Ерлан Арнаұлы, қоғамдық кеңес төрағасы Аманғазы Төлеубек, Ырғызбай тұқымынан Верлишев Хусман Ғимранұлы қатысты.
Аудандық мәслихат хатшысы Лдибаев Ерлан Арнаұлы «Құнанбай мешітінің» қатарын толықтыра түскен мүсіннің маңыздылығына тоқтала келіп, Қарқаралы ауданының әкімі Қалел Мақсұтовқа алғысын білдірді.
Ескерткіш мешіт жанында орнатылған. Алла үйін 1851 жылы Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болған Құнанбай Өскенбайұлы салған.
Мүсіндік композицияның авторы - Сәкен Дәулетбаев. Оның ойынша, ескерткіш медреседен үйге оралған жас Абайды әкесі қарсы алған сәтін бейнелейді. Композиция мыстан жасалған, биіктігі - 4 метр.
Сонымен қатар ашылу салтанатына Абай ұрпақтары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген қонақтар қатысты. Облыстық және республикалық Абай оқуларының жеңімпаздары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.