Мемлекеттік қызметкерлер сайысқа түсті

Атаулы кәсіби мерекелердің бірі «Мемлекеттік қызметшілер күні» Абай елінде ерекше аталып, бірқатар көпшілік шаралары өтті. Оған дәлел мереке қарсаңында «Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің» ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында волейболдан сайыс ұйымдастырылды.Сайысқа ауыл әкімдері, бөлім басшылары және мамандар болып үш команда қатысса, нәзікжандыларымыз да қалыспай «Аудандық білім бөлімі» мен әлеуметтік сала қызметкерлері де алаңда өзара бақ сынасты. Барлығы бір күнгі кеңседегі жұмыстарын белсенді спорттық ойындарға алмастырды.

Бірінші болып ауыл әкімдері мен дербес бөлім мамандары ойынның шымылдығын ашты. Алғашқы ойын мамандардың еншісіне шешілсе, екінші кездесу ауыл әкімдері мен мекеме басшылары тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс әкімдердің ауылына бұйырды. Қай атқамінердің спортқа қаншалықты жақын екендігі ойын барысында белгілі болды. Саржал, Қасқабұлақ және Қарауыл ауылдарының әкімдері бұл тізімнің басында. Олар ойын барысында бір-бір ұпайдан салды. Дегенмен ауыл әкімдері бұл мерекелік ойынға тайлы-тұяғы қалмай түгелдей дерлік келіпті. Волейбол қызу тартысты өтті. Әрбір команда ұйымшылдықпен әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ойынның қорытындысы бойынша мамандар айқын басымдылықпен -1 орынды қанжығаға байласа, 2 орынды әкімдер жеңіп алды, ал 3 орынға мекеме басшылар тұрақтады.Сонымен қатар, қыздар арасында 2 команда 1 ойын өткізіп, нәтижесінде «Аудандық білім бөлімінің» қыздары жеңіске жетті.Осылайша бұл ойын да өз мәресіне жетті.

Келесі бөлімде мемлекеттік қызметте жүрген нәзікжандылар арасында торт сайысы өткізілді. Байқау шарты бойынша әрбір бөлім өз қызмет саласына байланысты торт әзірлеп әкелу керек болатын. Расында да, бөлімдердің сайыс үшін барын салғаны көрініп-ақ тұр. Қаз қатар түрлі-түсті бояулармен көмкерілген торттар көздің жауын алады. Білім бөлімі өздеріне жақын кітап бейнесіндегі торт әкелсе, ауылшаруашылық бөлімі төрт –түлік мал, трактор сынды дүниелермен тәттілерін әсемдепті. Сол сияқты басқа да бөлімдер түрліше идеямен жасалған торттарын ұсынды. Ауыл әкімдері арасынан қазылар алқасы сайланып, торттардың дизайнына, дәміне қарай әділ бағаларын берді. Нәтижесінде 1 орынды – «Экономика және қаржы бөлімі» иеленсе, 2 орынды «Аудандық ветеринария» қанжығалап, 3 орынды «Аудандық білім бөлімі» жеңіп алды.

Мерекелік шараға жиналғандар торттан дәм татып, марапаттау рәсімен кештің қортындысына нүкте қойылды.