Қысқы жол қауіпті!

Біздің өлкедегі қыс өзінің суықтығы және болжамға бағынбайтынымен ерекшеленеді.                        

Қыс маусымында бір елді мекеннен екінші елді мекенге автокөлікпен жол жүргенде автоколіктің ақаулықтары бір-екі адамның қазасы ғана емес, ондаған адамның мерт болуына себепкер болады.

Қатты боранды күні жолда қалған автокөлік жолаушыларының қазасы туралы жан түршігерлік оқиғаларды естімеген адам кемде-кем шығар. Сондықтан өздерінің балансында көлік құралдары бар кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелердің басшыларына сонымен қатар олардың апатсыз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін техникалық қызмет көрсету орталықтарына зор жауапкершілік жүктеледі.

Алайда, автокөліктердің техникалық жағдайын бақылау қаншалықты тиімді болғанымен, оның 100 пайыз апатсыз жұмыс істеуіне ешкім де кепіл бола алмайды.

Егер сіз жылы да, жайлы салоны бар автокөлігіңізбен алыс жолға, тіпті таяу орындарға жолға шыға қалсаңыз, жыл маусымына сай жылы киініңіз, өйткені жолда не күтіп тұрғаны белгісіз. Термосқа ыстық тәтті шай немесе кофе құйып алу да артық болмайды, жылы биялайды үйде ұмытпағаныңыз абзал. Бір-екі май шам салып алу да қажет-ақ, сіз үшін бұл қымбатқа түспейді (бұл қарапайым жарық беретін бұйымның тар бөлмені жылытатын қасиетін екінің-бірі біле бермейді). Автокөліктің дәрі қобдишасында суықта болатын жарақаттарға қарсы дәрі-дәрмектің болуының да көп көмегі бар. Ең бастысы үйдегілер мен туыстарыңызды өзіңіздің сапарыңыз туралы құлағдар етіп, жолға қашан, қандай көлікпен шығатыныңыз туралы және діттеген орынға қашан жетуді жоспарлайтыныңызды айтуды ұмытпаңыздар. Бұл ақпаратты баратын адамдарыңызға да жеткізу де дұрыс болмақ. Егер жол-жөнекей бір оқиғаға кезігіп қалсаңыз, сіз ақпарат берген адамдар сізді іздеуге тез шығатыны анық.

Егер сіз боранның басылуын көлік ішінде күтуді шешсеңіз, көлікті желге қарсы қойыңыз, барынша жылы киініп, жанар жағармайды үнемдеу үшін оқтын-оқтын салонды жылытып отырыңыз. Пешті тоқтаусыз қосулы ұстамаңыз, жанар жағармайды тауысып, одан да күрделі жағдайға ұшырауыңыз мүмкін. Көлікті қар басып қалатын жағдайда арасында есігін ашып, сізді салонның ішінде жауып тастамас үшін қарды тазалап отырыңыз. Автокөлікті қар басып қалған жағдайда қанша тоңсаңыз да, автокөліктің қозғалтқышын оталдырмаңыз. Өйткені қозғалтқыш жұмыс істеген кезде улы газ бөлініп, салонның ішін толтырады, сөйтіп сіздің тұншығып қалуыңыз ықтимал. Егер суық соншалықты қатты болса, автокөліктің газ шығатын мұржасын қардан аршып, газдың көліктің ішіне емес, ауаға кетуін қамтамасыз етіңіз. Бұл әрекетіңіз кезінде автокөліктен адасып қалмас үшін арқанның бір шетін автокөлікке, екіншісін өзіңізге байлап алыңыз. Бұл сақтық та артық болмайды: өйткені талай адамдар борап тұрған қалың қарда бағдарды жоғалтып, ақ түске оранған айналадағы әлемнің ішіндегі жалғыз қорғанысынан бірнеше мерт жерде ажал құшқандары қаншама.

Кез-келген жағдайда тәулік бойы жұмыс істейтін 101-112 телефоны туралы ұмытпаңыздар, өйткені сіздер әрқашан айналадағы жағдайды анық және түсінікті етіп жеткізе білсеңіздер, көмек жылдам келетіні сөзсіз.

Жоғарыда айтылған қағидалар өте қарапайым болғанымен, оларды сақтау жылдың осынау қауіпті кезеңіндегі төтенше жағдайлардан қорғап қалмақ.

ШҚО ТЖД Абай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің
аға инженері азаматтық қорғау капитаны Ардақұлы Рауан