Аудан тарихы

Абай ауданының тарихы  ХХ ғасырдың  20 жылдарының аяғынан басталады. Ауданның алғашқы ірге тасы 1927 жылы қаланып, оған Бұғылы, Шаған, Шыңғыс, Қызыладыр, Мұқыр болыстары біріктіріліп, 1928 жылдың қаңтар айында Заңды күшіне еніп Шыңғыстау ауданы деп аталған.

1928 жылы
 аудан орталығы Ақтанбұлақ елді-мекенінен тоғыз жолдың торабы болып есептелетін, құрылыс салуға, мал өсіруге қолайлы жер – Қарауыл ауылына көшірілген.
1930  жылдың қараша айынан бастап Шыңғыстау ауданы Голощекин ауданы болып ауыстырылып, осы жылдың желтоқсанында ауданға бұрынғы атауы қайтарылады.
1939 жылы Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған Шыңғыстау ауданы Семей облысының құрамына кіреді. 
1940 жылдың 5 қазанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының  Жарлығы бойынша қазақтың басақыны Абай Құнанбаевтың 95 жасқа толу мерейтойына орай Шыңғыстау ауданы Абай ауданы болып өзгертіледі. 
1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты Абай ауданы Шығыс Қазақстан облысының құрамына енген.

Аудан Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік батысына орналасқан. Аумағы – 20 мың шаршы км. Ауданның әкімшілік орталығы – Қарауыл селосы. Құрамында 9 ауылдық округ бар: Қарауыл, Архат, Көкбай, Құндызды, Саржал, Тоқтамыс. Аудан экономикасының негізгі бағыты – мал шаруашылығы.

Абай ауданы Шығыс Қазақстанның рухани астанасы, ұлылыр мекені.
Абай – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Осы жерде  ұлы Абайдың шығармашылығына арналған  республикалық Абай оқулары, көрмелер, шолулар, оқырмандар конференциясы  өткізіліп, Абай әндері шырқалады.

Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы - Семей қаласынан оңтүстік батысқа қарай Шыңғыстаудың бөктерінде орналасқан. Ауданның батысы мен солтүстігі ұсақ шоқылы жазық. Оңтүстігінде Шыңғыстау жоталары жатыр. Климаты қатал. Қысы суық, жазы ыстық, құрғақ. Қар қарашадан наурызға дейін жатады. Қаңтар айының орташа температурасы –14,2 С; шілдеде – 20,7 С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 250-300 мм. Шаған, Ащы су, Қарауыл, Құндызды, Шет, Мұқыр сияқты өзендер бар.
Абай ауданына ат басын бұрған қандай мейман болмасын ең алдымен М.Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» эпопеясын қайыра оқығандай әр бетін қайта парақтағандай болары хақ. «Шағылдың» ұстімен Семей қаласынан шығып, ежелгі «Балтатарақ» бекетіне қарай беттейді. Семейден Абай еліне жол тартқан жолаушы мөлшері 60 шақырымнан кейін сайын дала төсінде қара тасты қақ жарып аққан Күшікбай бұлағына аялдап, шөлін басады. Күшікбай– ел намысын, жер намысын биік ұстаған жаужүрек батыр. Төбе басында оның зираты мәңгілік ерлік пен өрліктің белгісіндей болып оқшау тұр.

Осы маңда сыншылар ұлы Мұхтарды еуропалық биікке көтерді деп бағалаған «Қорғансыздың күні» әңгімесінің басты кейіпкері Ғазиза да жерленген.

Күшікбай асуынан біраз жүргеннен кейін алдыңыздан тағы да қоныраулы сұр шеңгелге, қараған тікенекке толы мидай жазық жортақтап жөнеледі. Бұл – бір кезде Құнанбай ауылының ең шеткі күзеуі болған, бұл күнде «Қанайдың қарағаны»  аталатын атақты атырап. Бұдан әр Абай ауданының шекарасы басталады. Бетегелі белдер, жусанды қыраттар, қарағанды адырлар басталады. Алдыңнан әлем әдебиетінің биігі ұлы Мұхтардың ата-қонысы Бөрілі қыстауы көрінеді. Мұнда Мұхтардың әкесі Омархан мен шешесі Нұржамал да жерленген.Қыстаудан 10 шақырымдай жерде Абайдың баласы– Ақылбай мен жары Әйгерімнің және Ділдәнің зираттары бар.

Бөрлідегі ұлы Мұхтардың дүниеге келген, ата-анасы тұрған үй – бүгінде мұражай. Ұлы жазушының туғанына 100 жыл толуы қарсаңында мұражай толықтай қайта жабдықталып, экспонаттармен толықтырылды. Бөрліден ат шаптырым жерде Семей-Қарауыл трассасының оң жағында аң шаңқан үйлері бой түзеген, сәнді көшелері бар, кіре берісі жасыл желекті саябағы менмұндалап тұрған ауыл көрінеді. Бұл – ұлылардың кіндік қаны тамған Қасқабұлақ ауылы. Қасқабұлақтан кейін Қарауылға қарай көсіліп жатқан кең жазық «Ералы жазығы» деп аталады. Жазықтың нақ ортасында Кеңгірбай бидің баласы, әулие бабамыз Ералының кесенесі тұр. Кесенені 1998 жылы Қасқабұлақ ауылының халқы, белгілі шаруашылық басшысы Амантай Мұқатаевтың бастауымен қайта тұрғызды. Осы тұстан Ақшоқыға қарай созылған жазықтың көз ұшында қазақтың тұңғыш театрының шымылдығы ашылған тарихи орын «Ойқұдық» тұр. 1917 жылы жапсарлас тігілген екі киіз үйде М.Әуезовтың басшылығымен өзінің туындысы «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған.  1926 жылы тұңғыш ұлттық театрымыздың шымылдығы да осы шығармамен ашылған. Сайын дала төсіндегі дөңестегі осынау мрамордан қаланған еңселі ескерткіш – шынайы махаббаттың мазары. Ол қатыгез билер үкімімен өлтірілген Еңлік пен Кебекке қойылған. Серті мен сеніміне, махаббаты мен сезіміне берік қос ғашық осы жерде мәңгілік тыныштық тапқан. Еңлік-Кебек тағдыры Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастаны мен Мұхтардың «Еңлік-Кебек» драмасына арқау болған.

Ескерткіштен бұрылған мына жолды бойлай, зерделеп көз салсаңыз «Абай» эпопеясында Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп, жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып, тарады – деп ұлы Мұхтар суреттеген Ақшоқыны көресіз. Қазір онда Ақшоқы деп аталатын шағын ауыл бар. Абайдың әкесі, аға сұлтан Құнанбай қажы мен оның ұрпақтары осында жерленген.
Семейден шыққан қара жолдың сол жағында алыстан мұнартып Архат тауы да көрінеді. Архат өңірі Қопадай ғажайып көлімен, Үш келіншектей ерекше тауымен, Күйметастай дара биігімен әсем де көрікті. Тарихы бай өлке. Жолдың сол жағында қасқайып қарсы тұрған тау – Үлкен Орда, оң жағындағысы – Кіші Орда деп аталады. Үлкен Орданың бауырында қайта оралған махаббаттың куәсіндей болып Шілікті кезең көз тартып тұр. Қойнауына өткен тарихтың талай сырларын бүгіп жатқан Кіші Орда тауында Еңлік-Кебекке таршылықта пана мен сая болған Үңгіртас бар.

Қос Орданың ортасымен әрі ассақ, алыстан кемерленіп, көне Шыңғыс көрінеді. Қарауылға қанша асықсаңыз да асфальт жолдың қамшылар жағында қалатын Жидебайға соқпай кете алмайсыз. «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі 1940 жылы әдеби-мемориалдық музей ретінде құрылды. 1990 жылы Абайдың қорық-музейі қайта құрылған және «Жидебай-Бөрілі» Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі болып қайта аталды. Оның құрамына Семейде Абайдың әдеби музейі, Ахмет  Ризаның медресесі, Абай аумағында - Бөріліде М.Әуезовтың музейі, «Тақыр»  жерінде 1997 жылы ашылған Көкбай Жанатаевтың музейі, 2003 жылы Құндызды ауылында ашылған Шәкір Әбеновтың музейі.   Абай ауданында қорықтың аймағының аумағы 6400 га, оның құрамына 16 объекті кіреді. Оның ішінде - Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйі, Құнанбайдың құдығы, Зере мен Ұлжанның зираттары, «Абай-Шәкәрім» мазарлы кешені, мазарлы кешеннің мешіті, Кеңгірбай бидің  мазары және т.б зираттар бар. Әр тасы, тауы, өзен-көлі шежіре мен сырға толы. Талай ақын жырлап, небір сазгерлер ән арнаған аймақ. Қалың елің қазақты – деп ақындар бабамызға тағзым етсе, бүгінгі ел тынысына да көпшілік риза. Тәуелсіздік жылдарында Шыңғыстау өңірі, ұлылар елі жаңаша тыныстады. Келбеті де, тіршілігі де, болашаққа деген сенімі де өзгерді.   Қарауыл – Абай ауданының орталығы. Қазақ елінің рухани бесігі.


 

 

Парақтар өзгертілді: 30-04-2015